Пандемия сілікпесі

1469

– Арғы бұрышта жатқан шал өліп қалыпты…

Жасамыс дәрігердің тасасына тығыла, әлдекімдерден жасқанғандай басыңқы сөйлеген жас қыздың құмығыңқы үнін естудей-ақ естісем де елең етуге шамам жетпеді. Жайшылықта болса көңіл білдіруге, қаза артына қайыр айтуға асығарым бар-ды. Алайда бүкіл болмысым айналадағы қыбыр-жыбырдан шығандап, құпия бір күштің құшағында талықсып жатқан шамада ырықсыздық ауанына байланған ерік-жігердің ештеңеге қайырылар қалып таныта қоймағаны нақ. Дәл осы мезетте біреуге бірдеңе демек тұрмақ өзімнің тірі екенімді үстімнен төніп тұрғандардың олай бір, былай екі аудара қарағанына былқ-сылқ еткен дененің әлі де икемге келетінін байқағаным, сонсын анда-санда ауырлай алған демнің сыртқа шығар тұстағы үзік-үзік сырылын сезінгенім дәтке қуат-ты. Ал, қалғаны… қалғаны тірлік үстіндегі бей-берекеттіктің үзіліп бітпес ұшығы ғана еді.

Солай бола тұра, бөлмедегі есі кіресілі-шығасылы пенде баласы жалғыз мен емес екеніне көзім жетеді. Оған беті-бастарын тұмшалап алған дәрігерлердің әріге бір, беріге екі ығыса жүріп жасаған қам-қарекеттері айғақ. Ана кереуеттегіге біршама аялдап, мына төсек-орындағыға ұзақтау үңілгендер нақтылыққа жүгіне алмағанын ішіне жасыра, енді басқа бір аурудың айналасын қобырсытуға әуес-ті. Осыған салсаң, үміт пен күдік арпалысының әлі де ұзаққа созыларына күмән келтірмейсің. Тек, соңы жақсылыққа айналғай деген тілекпен көрпеге тығылуға асығатының сондықтан. Бұл, бір жағынан, мына дүниедегі болып жатқандардан өзіңше жасырынбақ болғаныңды көрсетсе, екінші жағынан, шырқыраған шыбын жаныңның шыңғырысын басқа бір әлемге алып баруға ертерек екенін дәлелдеуге тырысқаныңның емексісі.

Жұмбағының өзі сонда, қанша қина­лып жатса да маңайдағылардың ыңырсыған не ыңқылдаған қиналысын құлағым шала алмай қормын. Бәлкім, қазақы шыдамдылық шегінен, әлде өмір мен өлім арасындағылардан әл жоғалған, әйтеуір іштегі алай-дүлейдің жұбанышын қаншама бақсам, соншама пүшәймандықтың қазығына ат байлаймын. Ең құрымаса, бір сырқат «жаным!» деп ыңыранса, немесе бастан-аяқ тұмшаланған дәрігерлердің тым құрығанда біреуі «Аллам-ай!» деп тәубасына жығылса, бойымды еңсерген бүкіл алапат еңсесін түсіріп, дүниенің кеңдігін сезінер шақ қылаң беретіндей-ді. Жоқ, мұның бірі де жоқ қазір. Ақзерді қапысыз шалған қырсықтың уақыт өте бас қайыру орнына шалқалай жатып алып санын шапаттай сықылықтап келіп күлетінін қайтерсің. Жайшылықта өзінше айды алақанына қондырмақ болып күпінген адам дегенің оның алдында үп еткен желге сынып түсер қурай іспетті қауқарға ғана ие екен де…

Әрі-беріде жас қыздың құмығыңқы үні қайтадан шықты:

– Апай, а апай, терезе алдындағы ана әйел бар емес пе, таң алдында өте ауыр халде түскен, сол кісі ықылық атып жатыр…

Дәрігердің үстіндегі скафандр тектес киімі қаудыр етті:

– Маған неғылдейсің, шырағым-ау!? Қолымда болса төніп келген қара бұлт­ты кері қарай ысырып тастар едім ғой! Жоқ, маған ондай күш бітпеген, мен де сен сияқты кішкентай ғана адаммын. Ендеше, бері қарай жүгіре бермей негізгі жұмысыңмен айналыс.

Мына сөз қызға жақпады білем, қайтадан мыңқ етті:

– Мен жұмыстан қашпаймын ғой. Әйткенмен…

– Иә, сонымен?

– Қорқамын…

– Кімнен?

– Ана кісілерден…

– Мүрделерден бе? Олар саған не істей алғандай? Жатқан жоқ па анда да, мында да теңкиіп-теңкиіп. Жата тұрсын. Ал сен жұмысыңды біл. Соны ықтиятты атқаруға тырыс. Ең бастысы – қорықсаң тірілерден қорық, шырағым. Түбінде аяғыңнан көп шалатын солар!

– Сонда да… Біртүрлі екен…

– Тірі болсаң, әлі мың түрліге куәгер атанасың. Бұл кино емес, бұл – өмір, айналайын, өмір! Білдің бе?! Тірі бол!

Тірі болуға құлшынған қыз енді бөгелмеді, тып-тып баса әрі қарай кете барды. «Тып-тып, тып-тып». Неткен әдемі ырғақ! Жайшылықта аңдамайды екенбіз, әлемдегі ең әдемі дыбыс адам аяғының тықыры екен ғой. Ол тіршіліктің жаңғырығын жариялап тұрады.

Сөйткенше…

«Тық-тық, тық-тық».

Әлдеқайдан сағат тықылы құлағыма жеткендей. Қабырғаға ілініп тұратын, қуаттандырғышы отыра бастағанда үні қақала шығатын кәдімгі базардағы қытайдың қаптаған сағаттарының сақау тықылы. Не өшпейді, не ырғағын түземейді, қиястықпен миды қашауға қойғандай құлаққа ұрады.

Қаным басыма шапты. «Ең құрымағанда мынадан құтқарыңдаршы!» деп барқ етпек болғаныммен тілім икемге келмеді. Сонсын бір көзімді сығырайта қарсыдағы қабырға жаққа қарауға күш таптым. Масқара! Сағат түгілі онда алданар оймақтай қара дақ көрінбейді. Қабырғалар да, төбе де мәйіт үстіне кигізер кебіндей әппақ. Сонда не, мына тықыл Жаратқанның адам баласына «уақыттарың бітті» деген ескертуі ме?!

Не қылса да артының белгісіздігі көп бір меңзеу…

* * *

Екі күн, екі түн өліммен арпалыстым десем асыра айтқаным емес. Дем жетпей қысылып, жаным алқымға тығылғанда дәрігерлер басқа бөлмеге қарай ала қашқан. Содан бері аузы-мұрынымнан жасанды дем алдыратын аппарат түтікшесі мен тамырымнан система инесі бір ажыратылмады. Аспалы қондырғыдағы құтылар сұйықтығы таусылғанда басынан бақайына шейін тұмшаланған қыздар сап етіп келе қалады да, әлгіні жалма-жан алмастырған бойда аялдамастан қайта шығып кете барады. Бір мезет бөгеліп, емексіген көңіліңді демдер тұтам жаңалық айтса-шы. Жоқ. Сөзге қасаң. Келулерінен кетулері тез.

Кінә арта алмайсың. Мен сияқтылар мына ауруханада жетерлік. Құлағым шалған, тіпті орын таба алмай зар еңірегендер де баршылық көрінеді. Соларға ем-дом жасаудан қолдары босамайтын шығар. Әйтеуір, қолды-аяққа тұрмайды-ау, тұрмайды. Зыр қаққан жас медбикелер түгілі ересек дәрігерлердің де қашан бел шеше ұйықтап, қашан ас-суларын ішетіні жұмбақ. Сырқатты қарап отырып тып-тыныш бола қалатындардың сәл дыбыстан селт етіп, скафандр тектес киім астынан сілкініп сала беретіндері жиі. Мызғып кеткендері, содан шошына оянғандары болса керек. Артынан түк болмағандай асай-мүсейлерін қобырсытып жатады. Осыларды көре жүре жаның ашымай қайтсін!

Бірақ мына қалпыңда не берер көмегің, не көрсетер демеуің жоқ, құр жаның ашығаннан не пайда? Ендеше, қандай жағдайда да сабырға жеңдіргенің абзал. Жеңдіре тұрып айтқандарын қабыл алсаң, жасаған ем-домдарын қанағат тұтсаң және оған сене білсең – міне, бар қайырың осы төңіректе тамырланатыны даусыз. Мен де сенгендеймін. Сөйтіп, пәни мен бақи арасындағы жолды сәл ұзартуға мүмкіндік тапқандаймын. Нәтижесінде үшінші күннің ертесіне ағыл да тегіл терлеген қалпы сергектеу ояндым. Үстімдегі жеңіл-желпі киімім мен төсек орыным малмандай су еді.

Жағдайымды көрген дәрігер:

– Енді қорқудың жөні жоқ, әлі-ақ аттай шауып кетесіз, – деді кеудемді тыңдай тұрып, – Сіздікі пневмония, яғни өкпенің қабынуы екен. Өкпеңіз жетпіс екі процентке зақымданған. Құдай сақтап, ұшығынан қақты. Енді ештеңе етпейді, өз-өзіңізді күтсеңіз, тағайындаған емді дұрыс қабылдасаңыз бәрі ойдағыдай болады.

«Әумин! Айтқаның періштенің құлағына шалынсын!» – дедім іштей күбірлеп. Дабырлай сыртқа шығаруға, шынымды айтсам, батылым жетпеді. «Біреудің көзі, біреудің сөзі бар» дегендейін, әлдекімнің сұғы өтіп кетпесін деп қорғанғанымнан.

Дәрігердің әлгі сөзді айтуы мұң екен, екі-үш күн бұрын беріге сүйрегендер енді ауыз аштырмастан әріге тартып ала жөнелді. Сол беттерінде екпіндей бір бөлмеге жеткізіп, ондағы бос тұрған кереуетке аудара салды.

Иә, турасын айтқанда, аудара салғандары сөзсіз. Басқа теңеу таппайсың. Сүйретпені сүйретіп жүргендер кілең талшыбықтай қыздар. Олар еңгезердей еркектерді бір орыннан екінші орынға қалай көтеріп-түсірсін, әбден жаттыққан ба, денені сүйретпеге жапқан жабуымен бірге сырғыта беріп діттеген тұстарына топ еткізеді. Жылдамдықтары сондай, ендігі жатар орныңа жамбасың қалай тигенін өзің де аңғармай қаласың.

Мен де сықыр еткен кереуеттің ды­бысын зердеме тоқып үлгергенше ұзай берген медбикелердің соңынан жаныма жақындаған қағылез ер адамның сұлбасын байқадым.

– Тірімісің? – деді ол құдды ескі танысын кездестіргендей ыржың-ыржың етіп, – Тірі бол! – деді жауабымды күтпестен тағы да, – Ал мен, сенесің бе, өзімнің өліп қалғанымды қалап едім…

Ішімнен бір қыл үзіліп кеткендей селк ете:

– Тәйт! – деп қалдым.

Зекуімді ол шыбын шаққан құрлы көрмеді. Жұрт қалай аман қалсам деп жанталасып жүргенде мынаның «өліп қалғанымды қаладымы» несі? Сау адамның сөзі емес…

Осыны ойлап үлгергенімше оған қайтадан тіл бітті:

– Сенбейсің, ә? Ешкім сенбейді. Сенің алдыңда мына орында жатқандар да сенбеген. Одан бірдеңе шықты ма? Ештеңе шыққан жоқ. Керісінше, мен әлі тірімін, ал олар өліп қалған. Мүрдесін туған-туысқандарына бермеді-ау, сірә, ағайындары біраз шу көтеріп барып басылды. Е-е, үкіметтен асам деу ақымақтың ісі ғой…

Адам сау кезінде, басына іс түспеген уақытта жарыместің ісін жасауға құмар.

Оған сенемін. Әйткенмен, мүрдені талап еткен туысқандардың әрекетіне үкіметтің қатысы қанша?

Осының шешіміне миым жетпей жатқанда қағылез жан соқпаққа салып жіберді:

– Біздің үкіметтегілердің мына ауы­рып жатқандардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бірдеңені айтпақ болса сандырақтап қоя береді де, жасамақ болса қиюын қашырып, артынан сонысын түзетумен әуре. Есіңе алшы, мына сор басталар шақта аурудың келуін ғашығын күткендей тағатсыздана күтті емес пе? Күтті. Тіпті, қарасы көрінгенде қуана көптен шүйінші де сұрады. Ол сілікпесін бастағанда кәрәнтінін шығарып, жұрттың бәрін қуыс-қуысқа және тықты. Жөн делік. Қорғанғанымыз делік. Ендеше, әріде неге етек-жеңімізді жинаудан жеріндік? «Шәйт!» десе бағытынан қайтар қой құрлы сана бұйырмағандардың ұшпаққа шығаратынына сенгенімізден бе? Міне, сорымызды іздесек осы тұстан іздегеніміз дұрыс. Ал мәйіт таласы… Бұл – әлсіздігімізді жасырудың амалы ғана. Күштінің көті диірмен тартатынын естен шығарып алғанымыздың нақ көрінісі.

Жаңа танысыма алғашында «жетіспеу­шілігі бар шығар» деген күдікпен қарағаныммен уақыт өткен сайын көзқарасымды өзгертуге мәжбүр болдым. Ай­тып жатқанының бәрі жөн. Бар жазығы – әркімнің ішінде ғана қоры­тылар дүниені ешкімнен жасқанбастан ашық жариялауда.

Жан-жағыма, сонсын оған қараймын. Жан-жағыма қарайтыным түйсік тереңіне сіңіскен жасқаншақтық пиғылым қорғаншақтыққа итермелейді. Ал жаңа танысымның ештеңеден қыңатын түрі жоқ. Білінер-білінбес аласы бар шегір көздерін, бұрыннан келе жатқан әдеті ме, анда-санда бақырайта бере ойнатып қойып көсіледі:

– Неге өлгім келді, білесің бе? Өйткені қаза машақатын ауыш ұлым тартпасын дегенімнен. Ол неге ауыш? Мен дұрыс тәрбие бере алмадым. Атасының қолында өсті ғой. Еркелігінің арқасында тым еркінсіп кетті. Арақтың соңында адамдығын жоғалтқан сорлы. Сол үшін келдім ғой мына қалаңа. Қара орманымды сатып, сол қатарынан қалмасын деп келгенмін. Не таптым? Жоғалтқанымнан өзге түк те таппадым. Ең бастысы өзімді өзім жоғалтып алдым…

Ол көзіне іркілген тамшыны көрсеткісі келмеді ме, басын бір жағына қисайта кемсеңдеп қоя берді.

– Солай, замандасым, мына аурудың жақсы жағы да боп тұр. Мысалы, өле қалсаң, үкіметтің өзі көме салады. Маған да керегі осы емес пе!? Бала, келін, немерелер қиналмайды. Олар қиналмаса, менің де әруағым тыныш. Басқасын қойшы, ана өз қолдары өз ауыздарына әлі жете қоймаған немерелерімді аяймын. Ертең бір жерге бара қалса кімнің баласымын дейді? Обал-дағы…

Оның келуі қалай жылдам болса, кетерде де көзді ашып-жұмғанша қарасын өшіріп тынды. Тіпті, көңілін аулау түгілі басалқы сөз айтуға үлгермедім. Қайран да қайран тағдыр десеңші…

* * *

Алғашқыда оны іздеген жоқпын. Күнделікті дәрі-дәрмек қабылдаудың және оның пайдалы-пайдасыз екендігін анықтау шырғалаңы оңды-солға мойын бұруға шама келтірмеген. Аяғында дәрігерлер бекіткен ем шарттарын қатаң сақтай отыра медбикелер салар екпе мен системаларды бос жібермеу тәртібі сырқаттарды басыбайлылықтың шылбырына шандып тастаған кезең болатын, бұл уақыт. Оның үстіне, жастыққа бас қойғаныңда ертеңгілік аман-сау тұруды ойлай кірпігіңді айқастыруың, таңсәріде жаңа күнді көруге мұрсат берген Жаратқанға шүкіршілік айту дағдысы санаңды түрткілеп, үміт-күдік дегеннің ырқында ес жию мүмкіндігі әлі де алыстап тұрған шама еді.

Тағы бір кереметі, мына ауруханада адамды адам іздемейтін, керісінше адамнан адам қашатын ғадет қалыптасқанын байқау қиын емес-ті. Егер қапияда бұйырып, дәлізде танысыңа кездесе қалсаң, оған мойын бұрмастан бетпердеге танауыңды ғана емес, көзіңді де жасыра тапырақтап өте шығасың. Анау да солай, мына тұстан тез жоғалуға тырыса бет алған бағытымен желіп бара жатады.

Мұндай кездейсоқтықтың өзі әредік қана бұйырар қуаныш-ты. Шындығында палатаңнан аттап басуға мүмкіндігің жоқ еді. Татарың да, жатарың да аядай бөлменің ішіне сыйысатын. Қуаныш пен күрсіністің көрпе астында тұншығатыны сондықтан.

Әрі-сәріліктің қарасы ыздиғанмен күндер өткен сайын жағдайым түзеле бастағанын байқадым. Жөтел азайып, сырыл дегенің бар мен жоқтың арасына қарай ойыса, терең тыныс алғанда кеудемнің қыспайтыны айығуға бет қойғанымның нышаны болатын. Сол-ақ екен дәм сезінуім қалыптасып, тәбетім ашыла, кәдімгідей тамақ іше бастағаным бойыма қуат құйды. Тірі жан үшін бұдан артық бақыт та болмас.

Өлім мен өмір арасында жүргенде ізім-ғайым жоғалған көп дүниелер тіршілік белгісі бой көрсеткенде қайтадан оралып, өзімді-өзім енді тапқандай болған шамада жаңа танысымды іздегенім бар. Таппадым. Не палаталастары, не дәрігерлер нақты жөн-жобасын айта алмады. Әйтеуір, қала маңындағы бір алқаптан екенін естіген. Бірақ тап осы тұс деп көрсетер бірі табылар емес.

Ауруханадан шығарда бір сыбыстың құлаққа талмаусырай жеткені анық. Өлім күткен жан сол өлімнің құшағына өз еркімен кірігіпті. Әлде әркімге берілер дәрілерді жинақтап жүріп ішіп қойған, әлде сынақ тобына тізіліп, жаңадан шығар дәрінің қуатын анықтауға қатысқан, әйтеуір пәниден бақиға аттанғаны туралы анықтаманы көрген жанның тіс арасынан сыздықтатқаны жүрегімді тітіркендірген-ді. Ең бастысы, тызақ жанның арманы орындалып, ол КОВИД-19-дан қайтыс болғандар тізіміне ілігіпті. Қолжаулыққа айналған қайран өмір десеңші.

Аурухана ауласына шығып табаным қара жерге тигенде онда жатқан шақұр-шұқыр еткен құм шайналысынан орта жолда үзілген армандарын арқалаған сүйек сықыры естіліп тұрғандай еді…

Төкен Әлжантегі

Abai.kz