Бүгін Шымкентте қайтарымсыз грант иегерлерінің өнімдері ұсынылған көрме-жәрмеңке өтті. Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, 150-ге жуық шағын және орта бизнес өкілдерінің жобаларымен танысты.
«Тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесі» — деді қала әкімі.
Жәрмеңкеде кондитерлік өнімдер, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылды. Сондай-ақ арнайы ақпараттық бұрыш жасақталып, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары келушілерге тегін кәсіби оқу, тұрақты жұмысқа орналасу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алу бойынша кеңестер берді.
Айта кетейік, өткен жылы қаламызда 1 мыңнан астам адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. Ал, 2 мыңнан астам адам тегін кәсіби оқуға жіберілген. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын табуда. Қала бойынша 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.