Шымкент қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әземхан Арайлым 8 шетелдік жоғарғы оқу орнынан шақырту алды. Бұл туралы аталған білім ошағының сайтында хабарланды.
Олар Англиядағы Queen Mary, Bristol, Kingston, АҚШ-тағы New York Institute of Technology мен The New School, Италиядағы John Cabo, Аустралиядағы Monash және Франциядағы American University of Paris университеттері. «Әрине, бұл менің отбасым үшін өте жақсы жаңалық. Мұндай жетістікке мен мектеп ұжымының арқасында қол жеткізіп отырмын. Себебі менің ұстаздарым маған дұрыс жол сілтеп, білімімді одан әрі шыңдауға зор үлестерін қосуда. Бұл ретте оларға деген алғысым шексіз. Шынымды айтсам, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі екенімді мақтан тұтамын. Және алдағы уақытта білім ордам да менімен мақтанса екен деймін. Сол себепті болашақта еңбектеніп, Қазақстанның дамуына үлес қосуды мақсат етіп отырмын», — дейді Арайлым. Үздік ЖОО-лардан шақырту алу үшін НЗМ түлегі арнайы тестілеуден өткен. Мәселен, SAT Reasoning-тен ол 1280 балл жинаған, ал IELTS көрсеткіші 7 ұпайды құрап отыр. Сонымен қатар, Арайлым өзге қатысушылардан ерекшелену үшін шетелдіктерге арнайы бейнематериал әзірлеген. Бейнесюжетте ол өзі және мектебі жайлы баяндаған. Әзірге Арайлым қай ЖОО-ны таңдайтынын білмейді. Бірақ болашақ мамандығын бизнес, маркетинг және менеджментпен байланыстыруды көздеп отыр.