«Жанымды жегідей жейді» Азамат Сатыбалды ешкімге айтпаған сырымен бөлісті.

1554

Танымал актер Азамат Сатыбалды жанын жегідей жеген оймен бөлісті

Танымал актер, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды осыған дейін ешкімге айтпаған өміріндегі үлкен өкінішін «Ережесіз әңгіме» бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

Актердің айтуынша, кезінде туған ағасы одан 100 мың теңге сұраған. Бірақ ол ағасының өтінішін орындай алмапты. Осы жағдайдан кейін 5 күннен соң Азаматтың ағасы көлік апатынан қайтыс болады.

«Қазір «Туғаным» деген сценарий жазып болып қалдым. Ол бойынша алдағы шілде айында кино түсірмек жоспарым бар. Бұл өмірден алынған оқиға. Онда да менің өзімнің… Жасыратыны жоқ, кезінде туған ағам менен 100 мың теңге сұрады. Бере салуыма болатын еді. Бірақ жақындарымның ақылына құлақ асып, ақшаны бермеп едім. Бірақ ағам 5 күннен соң көлік апатынан көз жұмды. Әлі күнге дейін қатты өкінемін. Бауырымды неге құрметтемедім деген ой әлі күнге дейін мені іштей жегідей жейді», — дейді ол.

Қазіргі адамдарда сенім жоқ…

Осылайша актер өз басындағы трагедияны экранға алып шығу арқылы адамдар бұдан сабақ алып, өмірдің әр сәтін бағалауды үйренсе деп тілек білдіреді. Ал өзінің алғашқы туындысы «Бір сен үшін» мелодрамасын сәтті шыққан фильм деп санайды. Өйткені бұл киноға қатысты көрермендер әлі күнге Азаматқа хат жолдап, алғысын білдіріп жатады екен.

«Ютубтан көреді ғой оны. Көп хат келеді. Өткенде ғана бір хат келді. «Осы фильмді көргеннен кейін әке-шешемнен кешірім сұрадым, күйеуіммен қосылдым, қазір баламыз дүниеге келді» деп рақметін айтып жіберіпті бір келіншек. Өзім де, әу баста, басты мақсатым касса жинау емес, көрерменге ой салу деп едім. Міне, сол мақсатыма жетіп жатырмын, оған қуаныштымын», — дейді ол.

Ал бұл фильмнің сценариін жазуға не түрткі болғанын актер былай деп баяндайды:

«Қазақстан ажырасудан әлемде 17-орын алады екен. Осы статистиканы ұшақта ұшып бара жатқанда оқыдым. Содан ойландым, неге деп. Сөйтсек, бізде қазіргі таңда сенім жоқ екен. Бізде бәрі қазір болуы керек. Ал ертең деген жоқ. Оған сенім жоқ. Қазір үйленсек, қазір үй болуы керек. Қазір көлік мінуің тиіс дегендей. Мысалы, біздің театрдың актері Бекжан Тұрыс 16 жыл жатақханада тұрған. Қазір ешкім 16 жыл күтпейді, ажырасып кетеді. Шыдамайды. Осы проблема қатты толғандырып, «Бір сен үшін» деген мелодраманы жаздым».

Әйел тәрбиесі

Азамат Сатыбалды өмірінде қоқыс шығарып, банкке барып пәтерақы төлеп көрмеген қазақ екенін айтады.

«Оны айтасыз, менің дүкенге кірмегеніме 18 жыл боп қалды. Азық-түлік, киім-кешек түгілі нанның бағасы қазір қанша екенін білмеймін. Өйткені жұмысым да қауырт бір жағынан, бірақ, әу бастан, әке-шешем, бауырларым, әйелім үй шаруашылығына мені жолатпауды жөн көрген. Менің уақытымды бағалағаны үшін оларға алғысым шексіз», — дейді ол.

Актердің әйелі де театрда жұмыс істейді. Әрине, көшбасшылық қабілеті де бар. Бірақ ол алдыға ұмсынып, рөлдерге таласпайды екен.

«Назгүл өнерде маған жолын берген адам. Мен де әйелімнің ерімен жағаласып, қатар жүргенін қаламадым. Бірақ ол бұл шешімді саналы түрде өзі қабылдады. Ол көп уақытын жұмысынан гөрі, отбасыға, бала тәрбиесіне арнауды жөн деп тапқан», — дейді актер бұл ретте.

Бала тәрбиесі

Актер өзінің ер жетіп қалған ұлы Сұлтанды шоу-бизнестегі іс-шараларда үнемі бірге ертіп жүреді. Соған қарап әкесі баласын да актерлікке дайындап жүрген жоқ па деген сөздер де шыққан ел арасында. Актер мұны сұқбатында жоққа шығарды. Ол баласын қасынан бір елі тастамауының басты себебі тәрбие екенін баса айтты.

«Исламда Пайғамбарымыздың насихатының 90 проценті амалы болған, 10-ақ проценті сөз болған дейді. Балаға қалай тәрбие береміз, егер балаңыз сізді көрмесе. Сондықтан мен өмір сүру арқылы балама жол көрсетемін. Сол үшін қайда барсам да баламды қасымнан бір елі тастамаймын.
Ертең үлкен өмірге араласқан кезде, сүрініп кетсе, қайта тұрып жүгіріп кететіндей мінезі, дүниетанымы, көзқарасы, азаматтық ұстанымы болуы керек. Тәрбиені осы бағытта береміз оған», — дейді ол.

Актер бала тәрбиесіне аса мән беретіндігі сонша оның алдында қалай сөйлеу керектігіне дейін өзіне есеп беретінін айтады.

«Қалай темекі шегіп тұрып, балаңа оны шекпе деп айтасың? Қалай аузыңа арақ алып тұрып, ішпе деп айтасың? Ондайда ол сөз сенімсіз шығады. Сондықтан өзім мұндай дүниелерден аулақпын, балам үнемі қасымда, жігіттермен сөйлессем де қасымда. Көрсін деймін, құлағына құя берсін деймін. Үлкен өмірдің қандай екенін. Бала әкесіне қарап өседі. Мен де әкеме қарап өстім. Әкемнің ішкенін, шеккенін, анаммен ұрысқанын көрген емеспін», — дейді актер.

дереккөз:sputnik.kz