Екпе алған соң антиденелердің қалыптасуына ең кем дегенде екі апта уақыт қажет
Уақыт өте келе ағзадағы антиденелер әлсірейді. Оларды нығайта түсу үшін ревакцинация жасау қажет екенін Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары, инфекционист Тамара Ұтағанова мәлімдеді.
«Жалпы гетерологиялық екпемен ревакцинация жасауға кеңес береміз. Яғни, векторлық екпе салдырғандар инактив, ал керісінше инактив салдырғандар векторлық түрін салдырғаны дұрыс. Десе де, әр адамның өзіне қалаған екпесін таңдау құқығы бар. Біз және ДДСҰ көптеген мемлекеттің тәжірибесін ескеріп осындай кеңес беріп отырмыз. Оның үстіне екпенің инфекцияға мықты иммунологиялық жауап екені ғылыммен дәлелденген», – деді Тамара Ұтағанова.
Әрі қарай маман коронавируспен ауырып шыққандарда антидене пайда болғанымен, олардың инфекциялық ауруға толық төтеп беруге күші жетпейтінін атап өтті. Осы орайда, ревакцинация жасаудың маңыздылығына тоқталды.
«Бір адам коронавирустық инфекциямен қайталып кездесуі мүмкін. Ал екпе технологиясы бізге қауіпсіздік үшін қажет антиденелерді қалыптастыратындай етіп құрылған. Яғни, инфекцияның ағзаға кірмеуіне, кірген жағдайда ауруды жеңіл өткеруге көмектеседі. Бірақ, екпе салдырған соң антиденелердің қалыптасуына уақыт қажет. Ең кем дегенде екі апта», – деп қосты Тамара Ұтағанова.
Сондай-ақ, маман уақыт өте келе антиденелердің әлсірейтінін айтты. Ал ревакцинация олардың күшін нығайта түседі. Мұнымен қатар, Тамара Ұтағанова ағзадағы гормоналдық өзгерістер кезінде жасөспірімдерге екпе салдыру маңыздылығына тоқталды.
Еске салсақ, Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы қымбаттайтыны туралы хабарлаған едік. Елде 2,5 мыңға жуық дәрі-дәрмек бағасы еркін айналымға жіберілмек.