Экс-президент пен президент жария етпейді : 2025 жылдан бастап депутаттар мен министрлер кірістерін көрсетуге міндеттеледі

540

Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлері, үкімет мүшелері мен депутаттар 2025 жылдан бастап кірістері туралы декларацияны жариялауға міндеттеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке кірістерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың сөзінше, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11-бабында (Қаржылық бақылау шаралары) декларацияны жариялауға міндетті тұлғалардың тізімі көрсетілген.

“Негізінен саяси қызметкерлерге міндеттелген. Депутаттар «А» корпусына кіреді. Олар өздерінің декларацияларын 2025 жылы көрсетуге және жариялауға міндетті. Ал олардың кадр қызметтері мұны өздерінің интернет ресурстарында жариялауы керек деп жазылған», – деді ол.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов келесі жылдан бастап жоғары лауазымды шенеуніктердің табысы туралы ақпарат жарияланатынын хабарлаған еді. Алайда президент пен оның әйелі, парламенттің екі спикері, премьер-министр, экс-президент және президент жарлығымен қорғалатын тұлғалар тізіміне енгізілген бірқатар шенеуніктер өз мәлімдемелерін жария етпейтіні айтылған.

Табыс декларациясында не көрсетілуі керек

Жеке тұлғалар көрсететін активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.0-форма) (Салық кодексінің 631-бабы):

1) Шет елдегі мүліктер:

  • шет мемлекеттің құзыретті органында тіркелген жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және (немесе) жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері;
  • шет мемлекеттің құзыретті органында тіркелген көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;
  • ҚР шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
  • ҚР шегінен тыс орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша барлық банк салымы бойынша жиынтығында АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомада (2024 жылға арналған АЕК – 3692 теңге, яғни 3 692 000 теңгеден асатын);

2) Қазақстандағы және (немесе) оның шекарасынан тыс жерлердегі мүлік:

  • тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйдегі үлес;
  • бағалы қағаздар, қаржы құралдары, цифрлық активтер;
  • инвестициялық алтын;
  • зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқықтар;
  • АЕК мөлшерінің 10 000 еселенген шегінен аспайтын сомадағы қолма-қол ақша (10 000 * 3692= 36 920 000 теңге, АЕК 2024 жылға арналған);
  • банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, нотариат куәландырған (куәландырған) дебиторлық/кредиторлық берешек;
  • егер мүлік бағасы АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен (2024 жылға арналған АЕК – 3692 теңге, яғни 3 692 000 теңгеден) асса жеке тұлғаның өтініші бойынша.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов жалпыға ортақ декларация аясында құндылықтарды кім және қалай бағалайтынын түсіндірген еді.