Қарабастаудағы тағылымды кездесу

1836
Қарабастау ауылы – Өгем тауының баурайына, табиғаты таңғажайып, қысы жылы, жазы салқын, саф ауасымен мәшһур болған өңірге қоныс тепкен елдімекен,деп хабарлайды Ardak.kz.
Ел азаматтарының ауылға деген жанашырлығы алабөтен, жұрт қызығарлық. «Ауылына қарап азаматын таны» дегенге саяды. Ауылда ең өзекті деген мәселелердің бәрі оңынан шешілген. Ауыз су, ағын су, табиғи газ, жалтыраған асфальтты жол сайрап жатыр.
Ауыл келбеті өзгерген. Ел бірлігі мен кәсіпкер азаматтардың қолдауымен әлеуметтік нысандар да ауылға көрік беріп тұр. Екі қабатты еңселі жаңа типтегі мектеп, фельдшерлік пункт, балабақшалар, күмбезі күнге шағылысқан мешіт ауыл ажарын аша түскендей.
Шыбық шаншысаң өнетін сулы жердің қадірін жете түсінетін қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар тыңнан жол салып, басқалар жұмыс таппай абдырап отырған кезде қарабастаулықтар ешкімнің ойына келе бермейтін жаңа кәсіптің жолын тапты. Бұрын тек, мал өсіріп, бордақылап, соның өнімдерімен нәпақа табатын ауыл тұрғындары бұрын-соңды бұл өңірде егілмеген, өсірілмеген таңқурай (малина) өсіруді жаппай қолға алып, бүгінде шаруасы шалқып, көл-көсір табысқа ие болуда. Таңқурай екпеген бірде-бір ауыл тұрғыны жоқ. Бәрі де осы өнімді өндіруге жұмыла кіріскен. Есік алдындағы жерлері бос емес. Өйткені, таңқурайға сұраныс өте жоғары. Оның үстіне таңқурайдан жылына екі рет өнімі жинайды. Өнімі де жақсы, базардағы бағасы да жоғары.
Нарық жағдайында ауыл тұрғындарының назарын еңбек етуге, еңбек ете жүріп табыстың көзін табуға бағыттай білген ауыл ардагерлері мен білікті кәсіпкерлердің еңбектері ерекше.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған ауқымды шараның өткізілуі неліктен Қарабастау ауылы таңдалғанына осыдан кейін көзім анық жетті. Өйткені, ауылда береке, бірлік бар, тындырымды жұмыс бар. Үлкендерді сыйлау, кішілерге ізет бар.
Бұл ғибратты шараны өткізуге бүкіл ауыл жұртты жұмыла кіріскен. Ең бірінші, ауыл тазалығына мән берген. Ал, мектеп ұжымы бұған үлкен жауапкершілікпен қараған. Мектеп директоры Гүлмира Төлешова жаста болса, білім-ағарту саласында білікті тәжірибе жинақтап, оны іс жүзінде атқара білетін жігерлі директорлдардың бірі де, бірегейі. Арнайы іс-шара түзіп, оны рет-ретімен орындап отырған.
Білім ғимаратының кіре берісіне ерлігімен бейбіт кезеңде еңбегімен ел алғысына бөленген «Батырлар бұрышын» жасап, Елшібек Батыр, Сабыр Рақымов, Қарақозы Әбдәлиев, Д.Қонаев, А.Асқаров сияқты даналар суреттері ілініп, қазақтың ұлы билерінің өсиет сөздері жазылып қойылған.
Бүгінгі күннің батырлары Әбдиров Ғалымжан Әбішұлы мен Рахматуллаев Мейрамбек Нұрділләұлының есімдері мен бейнелері «Құрмет тақтасына» жазылып, ерліктерін елге өнеге еткен.Мектеп ішінен қоныс тепкен этноауыл да шараға қатысушылардың назарын өзіне бірден аударды. Мұнда жүн түту, ұршық иіру, жүн сабау, ауылдың алты ауыз өлеңін айтып отырған әжелер де ұстаздардан ұйымдастырылған екен.
Алқалы жиынды облыстың «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев ашып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына кең көлемде түсінік жасады.
Терең зерттеліп, жан-жақты талқыланып, тиісті деректер мен дәйектерге жасалған баяндама көпшіліктің ойынан шығып, жиынға қатысушыларға жаңа ой, тың серпіліс берді.
Бекет Тұрғараев осы кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған, жасының 80-нің сеңгіріне көтерілсе де, елдің ынтымағы мен бірлігіне қызмет жасап келе жатқан Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, бүгінде зейнеткер Жамашов Рахматулла атаның бастамасын жоғары бағалап, отбасына бақ-береке, өзіне ұзақ ғұмыр тіледі.
Кезекті сөз алған Қазақстанның Құрметті журналисі, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Байдулла Қонысбеков атағы алты әлемге танылған қасиетті Қазығұрт тауының кереметі мен маңыздылығы жөнінде «Қазығұрт – біздің мақтанышымыз, бүкіл адамзаттың кіндігі, оның құдіреттілігі мен киелілігін әлемге танытуымыз керек» дей отырып, бірлестіктің 20 жыл ішінде атқарған жұмысынан хабардар етті. Бірлестік атынан Рахматулла Жамашовқа «Алтын қазық» медалін төсіне тақты.
Алқалы жиынға қатысып, аталық әңгіме айтқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың ой-келелі пікірі көпке ой салды. Ардагерлердің қоғамдағы алатын орны мен міндеті, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы әрбір ардагердің еңбегі мен әрекеті, жастар тәрбиесіндегі ардагерлердің көрсетер өнегесі жөнінде толғақты мәселелерді жиынға қатысушылардың талқысына тастады.
Қарабастау ауылының бүгінгі келбеті мен онда жасалып жатқан игілікті істерді көріп ауыл, аудан ардагерлер ұйымына, ауыл тұрғындарына өзінің жақсы көзқарасын жеткізе отырып, облыстық ардагерлер алқасының шешімімен «Ел ағасы» төсбелгісін елі үшін еңбек етіп келе жатқан Рахматулла атаға табыс етті.
Жерлесіміз, облыстық кәсіподақ ұйымының жауапты қызметкері, Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» Барлыбай Сапаралиев бүгінгі кездесудің, оны күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің маңыздылығына тоқтала келіп, «Қарабастау» жалпы орта мектебінің бір топ ұстаздарына кәсіподақ ұйымының атынан төсбелгілер, осы мектептің директоры Гүлмира Төлешоваға ұстаздар үшін ең жоғары награда Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні табыс етті.
Ж.СҮЙЕУБЕКОВ,
Қазығұрт ауданы.
Қарабастау ауылы.