Президент министрге мұғалімдерді артық есеп беруден арылтуды тапсырды

1410

Қасым-Жомарт Тоқаев Күләш Шәмшидиноваға білім беру жүйесінің мәселелерін бұдан былай өзі жіті қадағалайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Күләш Шәмшидиноваға білім беру жүйесінің мәселелерін бұдан былай өзі жіті қадағалайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованы қабылдады. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Мемлекет басшысына білім беруді және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқытуды жою, жаңа мектептер салу және үш тілде білім беруге біртіндеп өту жұмыстарын жалғастыру маңызды міндет екенін айтты. Күләш Шәмшидинова техникалық және кәсіби білім беру ісінің жағдайы және бизнес пен оқу орындарының арасындағы өзара іс-қимылдарды жолға қою шаралары жөнінде есеп берді. Кездесу барысында жоғары білімнің сапасын арттыруға және ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысқа сай болуына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларын артық есеп беруден арылтып, педагогтардың мәртебесін көтеруге, ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, бірінші кезекте мемлекеттік тілде зерттеулер жүргізетін гуманитарий ғалымдарға басымдық беруге бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесінің мәселелері бұдан былай да өзінің жіті назарында болатынын айтты.