Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – басты назарда

916
Бүгінгі таңда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – ерекше бақылауда тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар қабылдануда.
Атап айтқанда, барлық білім беру ұйымдарында «SOS» дабыл нүктелері қойылған және турникеттермен қаматамсыз етіліп, кіріп-шығу бекеттерінің жұмысы күшейтілген. Бұдан бөлек, бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін, 1-қыркүйек күні өткізілетін «Алғашқы қоңырау» іс-шарасы кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қаматамсыз ету мақсатында білім беру ұйымдарына Полиция қызметкерлері бөлінген.
Сонымен қатар, саябақтар, ойын-сауық орындары және жастар көп шоғырланатын орындардың маңына полиция кешенді күштерінің бағыттары жақындатылды.
2021-2022 оқу жылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқушылары арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында барлық білім беру ұйымдарына Полиция қызметкерлері бұйрықпен бекітілді.
Бекітілген қызметкерлер профилактикалық жұмыстармен қатар күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі уақытта білім беру ұйымдарының аумағында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқарып, оқушылардың оқу сабағына қауіпсіз келіп-кетуін қамтамасыз ететін болады.
Шымкент қаласы Полиция департамент бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетовтің бастамасымен Шымкент қаласындағы барлық мектептің алдында Ювеналды полиция қызметкерлері үш ауысымды кезекшілікке тұрады. Ондағы мақсат — балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектеп аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, автокөлік жүргізушілерінің, әсіресе мектеп маңында, жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу болып табылады. 1 қыркүйектен бастап Полиция департаментінің қала мектептерінде құқық тәртібін сақтауға бекітілген жауапты қызметкерлері жұмысқа кіріседі.