Лукашенко президент пе, жоқ па?

1043

Германия, Литва, Словакия және Чехия Александр Лукпшенконы Белорусь президенті ретінде мойындайтындарын мәлімдеді. Кеше Лукашенко Минскідегі Тәуелсіздік сарайында ант қабылдап, Беларусь президенті ретінде қызметіне кіріскен болатын.

Бірақ оның ұлықтау рәсімі аяқ астынан ұйымдастырылды әрі ешбір елдің елшісі шақырылмаған. Алтыншы мәрте ақорыстарды басқаруға кіріскен Лукашенконы өз халқы да мойындамай жатыр.

Беларусь оппозициясының ортақ кандидаты Светлана Тихановская видео үндеу жасап, “Лукашенко зейнетке шықты, мен – Белорусьтің заңды әрі халық сайлаған президентімін!” — деп мәлімдеді.

Фото: Дмитрий Брушко, TUT.BY

Айта кетейік, «Тut.by» сайты Александр Лукашенконың инаугурациясы 23 қыркүйек күні өткенін жазыпты.

«Лукашенко Конституцияға қол қойып тұрып, беларусь тілінде ант қабылдады. Сосын, ол ант қабылдағаны туралы актіге қол қойды. Ал Беларусьтің республикалық референдум және сайлау өткізу жөніндегі Орталық комиссиясының төрағасы Лидия Ермошина Александр Лукашенкоға президент куәлігін тапсырды», — деп жазады авторлар.

Ал «Пул первого» Telegram арнасы Лукашенконың ант қабылдау рәсімінің суретін жариялап: «Лукашенко Беларусь президенті қызметіне кірісті»,  деп жазыпты.

Беларусь ақпаратында Лукашенконың инаугурациясы қашан өтетіні туралы талқы болған. Ол кезде ант қабылдау рәсімінің нақты қай күні өтетіні айтылмаған. Ал 23 қыркүйек күні, яғни бүгін Минскідегі Тәуелсіздік сарайының маңына әскери техникалар әкелінген. Сондай-ақ, Тәуелсіздік даңғылы жабылған. Кейін белгілі болғандай, Александр Лукашенконың президенттік кортежі осы көшемен өткен екен.

«Подьем» Telegram арнасы Лукашенконың ант қабылдау рәсімінде сөйлеген сөздерін жариялапты.

«Өздерінің саяси ұстанымдарын ғана емес, болашақ өмірлерін мемлекетпен байланыстырған, Беларусь үшін осындай қиын кезде отаны мен халқына адал боп қалған беларусьтерді тастап кетуге менің хақым да, құқым да жоқ.

Мемлекеттік қызметкерлер мен шенді азаматтар өздерінің ерліктерін, табандылықтарын көрсетті. Біздің балаларымызға олардың ерліктері үлгі.

Біз жаңа дүниені қазіргі жеткен жетістіктеріміздің базасында ғана жасауға болатынын дәлелдедік. Бір кездері Беларусь күтпеген жерден, оп-оңай тәуелсіздікке қол жеткізді. Және соны біздің азаматтарымыз солай болуы керек екен деп түсінді. Тіпті, тәуелсіздіктің қадіріне жеткен жоқ. Бүгін біз бұл кезеңнен өттік», — депті Александр Лукашенко.

Ол сондай-ақ, осы сайлаудан соң Беларусьте түрлі-түсті рефолюцияның жолы кесілгенін айтқан.

«Біздің елімізге қатер төнді. Мемлекеттердің тәуелсіздігін жоюға бағытталған, бұрын талай рет сынақтан өткізілген қатер төнді. Бірақ, біз сол түрлі-түсті революциялардың жолын кескен санаулы, тіпті, бірден-бір ел болдық. Және бұл өз мемлекеттерін жоғалтқысы келмейтін азаматтардың таңдауы!», -деп сөйлеген.

Естеріңізге сала кетейік, Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өткен. Ресми есеп бойынша, Александр Лукашенко 80,1, ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10,1 пайыз дауыс алған.

Алайда беларусь халқы сайлаудың бұл қорытындыларымен келіспейді. Сайлау өткен 9 тамыздан бастап күні бүгінге дейін Минскі бастаған ірі-ірі қалаларда наразылық акциялары жалғасуда.

Еуро одақ Беларусьтегі сайлаудың қорытындыларын, Александр Лукашенконың жеңісін мойындаған жоқ. Тіпті, Еуропарламент депутаттары арнайы резолюция қабылдаған. Ол бойынша Александр Лукашенко 5 қарашадан бастап президент деп саналмайды. Сондай-ақ, ЕО Александр Лукашенкоға қарсы санкциялар пакетін әзірлейтінін мәлімдеген.

Айта кетейік, Александр Лукашенко Беларусьті 26 жылдан бері басқарып келеді. Бұл жолғы сайлау Лукашенконың алтыншы сайлауы болған.

Abai.kz