ЖАБАЙЫ САУДАДАН ҮЛКЕН БИЗНЕСКЕ ДЕЙІНГІ 30 ЖЫЛДЫҚ ЖОЛ

783

1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендігін алғанда есеңгіреп барып ес жиғанымыз белгілі. Кеңестік кеңістіктен шығып, Тәуелсіздігімізді жариялап, мемлекет  құру оңай болмағанына, қаншама қиын-қыстау кезеңнен өте алғанымызға өткен отыз жылдың тарихы куә.

Тоқсаныншы жылдары ауылдарда жұмыссыздық жайлап, күнкөрістің қамымен қалаға ағылған халықтың қарасы аз болмады. Қалада да жағдай мәз емес-тін. Өйткені кеңестің кезінде дүрілдеп тұрған зауыт-фабрикалар тоқтап, жұмысшылар қысқартуға ұшырап жатқан кез-тұғын.  Сол жылдары «Көл» базары бірталай отбасының күнкөріс көзіне айналғаны шындық. Қазір сол базардан із де жоқ.  Әрине, қала базарларының заманауи келбетін қалыптастыруда аз жұмыс атқарылған жоқ. Билік базар басшыларымен мәміле жасап, оларға арнайы орын жай бөліп, шағын кәсібін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Қала сыртына көшірілген базарлар бүгінде қайнаған сауданың ортасы. Шымкент десе таңдау мен талғам бөлек, бағасы арзанқол, келілеп алатынды қапшықтап көтеріп әкететіні бар базарлар әлі де нарықтан орнын жойған жоқ.

Ал бүгінде қалада шағын кәсіп өркен жайған. Шымкенттен біраз нәрсе шығатынын көбіміз біле бермейміз. Аяқ-киім, киім-кешек, зергерлік бұйымдар, азық-түлік өнімдері, құрылыс заттары – бәрі бар.

Содан кейін мемлекеттің тарапынан үлкен қолдау болған соң, кәсіп істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Мәселен, грант, пайызы аз несиелер кәсіп бастаушыларға үлкен көмек. Осыны дұрыс пайдалану керек. Күнкөрістің, табыстың көзі — шағын кәсіпте.

90-жылдардағы Шымкент пен қазіргі мегаполисті салыстыру қиын. Қала күннен-күнге өсіп жатыр. Бүгінгі жетістік бізге оңай жолмен келген жоқ. Бүгін заман басқа. Өркениеттің көшіне ілесіп кетіп барамыз. Ел еңсесін тіктеген. Сол уақыттан бері отыз жыл өтті. Қазір не кәсіп істеймін десең мүмкіндік жетеді. Осыған қарап, Шымкентте шағын және орта кәсіптің қарқынды дамып жатқанын байқайсың. Өйткені шағын кәсіп Шымкентті ұстап тұр. Елге келген сапарларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі айтатыны да – осы, Шымкентте шағын кәсіпті дамыту және оны қолдау. Өйткені, шағын кәсіптен мемлекет қазынасына түсетін түсімнің де үлесі орасан.

Фото — ашық дереккөздерден алынды.