ҰСТАЗДАР ҚҰҚЫҒЫ – КӘСІПОДАҚ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА

19

2 қазан – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жұмыскерлерінің кәсіби күні!

Бүгін «Жол-көлік» колледжінде өткен салтанатты мереке – тек ұстаз еңбегін ұлықтау ғана емес, сонымен қатар оларды әлеуметтік қорғау және қолдау мәселесінің маңыздылығын көрсететін жиын болды. Мерекеге қала әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, сала ардагерлері және кәсіподақ басшылары қатысты.

Салтанатты іс-шарада Шымкент қаласы Әкімінің, Мәслихат Төрағасының және «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атынан бірқатар үздік ұстаздарға Алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Бұл — білім беру саласының мемлекеттік деңгейдегі жоғары бағасы.

Ардагер ұстаз Байғұтов Нышан Тасболатұлы да құттықтау сөз сөйлеп, батасын берді.

Мерекенің ең ерекше сәті – «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Әлтеевтің құттықтауы болды.

Бауыржан Ілімшаұлы өз сөзінде кәсіподақтың маңызына баса назар аударды:

«Қадірлі әріптестер! Біз – кәсіподақ – сіздердің еңбек ұжымындағы құқықтарыңыздың, әлеуметтік-экономикалық мүдделеріңіздің және заңды мүдделеріңіздің берік қалқанымыз. Біздің міндетіміз – ұстаздың мәртебесін көтеру және оның лайықты еңбек етуіне кепілдік беру! Сіздердің әрбір мүшелік жарналарыңыз – ортақ қамқорлық қоры!»

Осыдан кейін, Бауыржан Әлтеев кәсіподақ мүшелері болып табылатын барша колледж жұмыскерлеріне кәсіби мерекеге орай арнайы ақшалай сыйақыны салтанатты түрде табыс етті! Бұл – кәсіподақтың сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсеткен нақты әлеуметтік қолдауының жарқын мысалы!

Салтанатты жиын түрлі концерттік көрсетілімдермен жалғасты. Саз колледжінің оркестрі, «Шамсинур» би ансамблі, Домбырашылар ансамблі және Хор ұжымының өнер көрсетуі жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, 37 колледждің көрмесі ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарының тыныс-тіршілігі мен инновациялық жобалары таныстырылды.

Құрметті ұстаздар! Сіздерді мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде кәсіподақтардың қолдауымен өткен мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Еңбектеріңіз жемісті болсын!