«Мұны аңсап жүрген қаншама халық бар!?»: Мейрамбек Бесбаев карантиннен кейін «халық өзгереді» деп ойлайды

742
Мүмкін адамзат асқақтап кеткен болар, соның бәрін Алла Тағала білсін деген шығар.
Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев карантиннен кейін қазақ халқы өзгереді деп санайды. Бұл туралы ол онлайн сұқбатында айтты, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Биыл танымал «Музарт» тобының құрылғанына 19 жыл толды. Осыған орай топ мүшелері Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемировқа онлайн форматта сұқбат берді.
Мейрамбек Бесбаев індеттің таралуы, карантиннің енгізілуі Алматы қаласының, халық ойының тазаруына септігін тигізді дейді.
«Карантиннің арқасында жақындарымыздың, балаларымыздың қадірін білген сияқтымыз. Өнер адамы болған соң түзде жүреміз, уақытымыздың басым бөлігі сыртта өтеді. Қасымыздағы бақытты бағаламай жатамыз. Мүмкін адамзат асқақтап кеткен болар, соның бәрін Алла Тағала білсін деген шығар. Қазір бәрі жөнге келгендей көрінеді. Өткенде Алматыны бір аралап шықтым, тап-таза болып тұр. Жүрегіміз де дәл солай тазарса, пейіліміз кең болса екен», — деді әнші.
Ол халыққа дәрігерлер мен полицейлерден бөлек, өнерпаздар да қажет екенін айтты.
«Қазақ қазақты сүймей, біз алға жылжымаймыз. Бізге өнерпаз, талантты адамдар, әншілер де керек. Жалғыз дәрігер, полиция, әкімшілік қызмет ғана емес, бізге қазақтың бәрі керек»,  — деді Бесбаев.
Әнші карантиннен шыққан соң халықтың өзгеретініне сенім білдірді. Айтуынша, карантин кезінде халықтың бірлігін байқаған.
«Осыдан шыққан соң, халық басқа жаққа өзгереді деп санаймын. Біз дана, ақылды халықпыз. Енді шүкіршілігіміз артып, сабырлық танытатын боламыз. Біздің жеріміз, әнұран мен елтаңба, туымыз бар. Бұдан өзге не керек? Мұны аңсап жүрген қаншама халық бар!? Сондықтан осының қадіріне жете білуіміз керек. Музарттың ғана бірлігін емес, қазақтың бірлігін көріп жатырмын. Бұл сынақты да жақсы қарсы алып, жақсы шығарып салу керек», — деді әнші.
Бұдан бөлек, сұқбат барысында эстрада жұлдызы жеке басының проблемасын әншілерден көретін тыңдармандары жайлы сөз қозғады.
«Музарт» халықпен бірге жасай береді. Тілектес болып жүрген барша ағайынға рахмет. Кейде өкпесін әншілерге айтатын адамдарды көріп жатырмыз. Жеке басының мәселесін әншілерден көретін ағайындар да бар», — деді ол.