Кәсіподақтар күні қарсаңында мәдениет қызметкерлері марапатталды

24

Шымкент қаласындағы Кәсіподақтар орталығында ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Байғаниұлы Шерімовтің бастамасымен мәдениет саласының үздік өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.

Бұл іс-шара – Кәсіподақтар күні қарсаңында өткізіліп, қаладағы театр, мәдениет орталықтары мен шығармашылық ұйымдарда еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалауға арналды.

Сахна өнерін дамытуға, ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлері кәсіподақ тарапынан жоғары құрметке ие болды.

“Мәдениет саласының үздігі”медалі табысталғандар:

  • Қошақов Жақсылық Сырлыбайұлы – Шымкент қалалық орыс драма театры директорының орынбасары
  • Жанасбаева Эльмира Мейрамқызы – Шымкент қалалық әзіл-ысқақ және сатира театры директорының орынбасары
  • Алтыбаева Райхан Сапарқызы – «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» қызметкері
  • Турдалиев Ерғали Шерімбекұлы – Шымкент қалалық қуыршақтар театрының қызметкері

Сонымен қатар, мәдениет саласының өркендеуіне қосқан еңбегі үшін Қарымсаков Исағали Молдазимұлы мен Кеңпейілова Айнұр Нұрлыбекқызы Алғыс хатпен марапатталды.

Барлығы 6 мәдениет қызметкері өз еңбегі мен шығармашылық табыстары үшін марапатқа ие болды.

Іс-шара барысында Руслан Байғаниұлы марапат иегерлерін құттықтап, мәдениет саласының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет – халықтың рухани тірегі, ал мәдениет қызметкерлерінің еңбегі – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде баға жетпес қазына.

Кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да мәдениет саласының қызметкерлерін қолдап, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды басты назарда ұстайтынын жеткізді.