ШЫМКЕНТТЕ ГРЕК МӘДЕНИЕТІ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

203

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған Грек мәдениеті фестивалі өтті. Мерекелік шараны Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Ирини» грек этномәдени бірлестігі мен А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана бірлесе ұйымдастырды.

Фестивальдің негізгі мақсаты – қоғамдағы толеранттылық пен өзара құрмет қағидаттарын дәріптеу, этностар арасындағы достық пен келісімді нығайту, сондай-ақ түрлі мәдениеттер арқылы халықтың бірлігін арттыру.

Іс-шараға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Жалмұрзаев Батырбек, қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері және этномәдени бірлестіктер мүшелері қатысты.

Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Жалмұрзаев Батырбек қатысушыларды мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды. Сондай-ақ грек этномәдени бірлестігінің мәдени байланыстар мен өзара түсіністікті арттыру бағытындағы белсенді еңбегін атап өтті.

Кеш барысында көрермендерге мәдени бағдарлама ұсынылды. Лебедева Ариадна мен Сотириади Мария грек тілінде өлеңдер оқып, Кириакиди Елена ұлттық нақыштағы әуендерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақтың ұлттық биін орындаған «Құлыншақ» би тобы сахна сәнін келтірсе, Эбубакир Тамерлан мен Жұмағали Зере қазақ тілінде әсерлі өлең жолдарын оқыды. Сондай-ақ Коробейникова Ольга «Хасапико» биін билеп, ал Муратиди София Абай Құнанбаевтың өлеңін грек тілінде орындады. Фестиваль соңында Кусис Хрисула ұлттық «Зейбекико» биін биледі.

Мерекелік шарада қатысушылар тек өнер көрсету ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мәдениеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында маңызды әңгімелер мен пікірлер алмасты. Фестивальдің мәні тек бір халықтың өнерін көрсету емес, әрбір этнос өзінің мәдени мұрасын құрметтеп, басқа халықтармен бөлісу арқылы бүкіл қоғамның рухани байлығын арттыруда екені ерекше атап өтілді. Мәдениет арқылы ұлттар арасындағы түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту қоғам үшін аса маңызды екені түсіндірілді. Сонымен қатар, фестивальдің ұйымдастырылуы мен өтуі қала тұрғындарының көпұлтты мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, өзара сыйластықты бекітуге ықпал етті.