ШЫМКЕНТТІКТЕР КОНСТИТУЦИЯ КҮНІН АТАП ӨТТІ

708
Конституция күні – халқымыздың қастерлі де ұлық мерекесі. Жаңа, тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған Ата Заң азаматтарымыздың теңдігі мен бостандығына кепілдік беруімен, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына негіз болуымен құнды.
Бүгін Шымкентте өткен 30 тамыз – Конституция күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
–Өмірдің өзі секілді уақыт өте келе ұрпақ ауысқан сайын заң да өзгеріске ұшырап отырады. Себебі, дамудың басты талабы – өзгеріс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысымен биыл 5 маусым күні референдум өткені баршаға мәлім. Конституцияның үштен бір бөлігі өзгерді. Халқымыз бұл өзгерістерді жақсы қабылдады. Енді жаңарған Конституцияның негізінде Жаңа Қазақстанды, ашық әрі әділетті қоғамды құруға бағыт алды. Конституциямыз биліктің барлық тармақтарының, барлық мемлекеттік институттар қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырып, халықпен билікті одан әрі жақындата түседі, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, Қазақстан осынау конституциялық реформаға тегіннен тегін барған жоқ. Бұл қазіргі алмағайып шақта бүкіл ел тағдырына, мемлекеттілік тарихына деген жауапкершілік пен замана артар ауыртпалықты биліктің барлық тармағы тең арқалауы үшін қажет болған. Азаттығымыздың айшықты айғағы айналған Ата Заң — тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы екеніне тоқталған М.Әйтенов референдумда халықтың өзі дауыс беріп қабылдаған өзгерістер арқылы Конституциямыз өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылғанын атап өтті.
–Ата Заңға деген құрмет – біздің болашаққа деген сеніміміз бен ұлттық модернизацияға деген ұмтылысымыздың қайнар көзіне айнала берсін, – деп ізгі тілегін жеткізген қала әкімі барша шымкенттіктерді Конституция күні мерекесімен құттықтады.
Салтанатты шара барысында Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов шаһардың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс, мәдениет, өнер мен спорт саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері, үй төрайымдары, қаланың коммуналдық қызметінің жұмысшылары мен автобус паркінің жүргізушілеріне дейін бар.
Мерекелік шараның соңы патриоттық әндерден, дәстүрлі және классикалық музыкадан құралған концерттік бағдарламаға ұласты.