Қазақ шахматшысы Динара Сәдуақасова Қытайда өткен Азия чемпионатының кубогын жеңіп алып, құрылықтың үздік шахматшысы атанды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Біріншілік Қытайдың Синтай қаласында 6-16 маусым аралығында өткен. Динара 15 елден келген 36 қарсыласын басып озып, 9 ұпайдың 7,5-ін еншіледі.
«Динараны жеңісімен құттықтаймыз! Жоғары жетістіктер мен жаңа белестерге жетелейтін шабыт тілейміз», — деп федерация 23 жастағы спортшыны құттықтады.
Азия біріншілігінде жеңіске жеткен Динара Сәдуақасова Әлем кубогының іріктеу кезеңінен өтті.
Атап өтсек, республика намысын бұл турнирде үш шахматшы қорғады: Ринат Жұмабаев, Динара Сәдуақасова, Гүлмира Дәулетова. Жарыстың жүлде қоры — 80 мың АҚШ доллары.