ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ БІРІНШІ БАСШЫЛАРДЫҢ ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ТҮСІНДІРІЛДІ

926

Осы жылдың 21 тамыз күні Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесу өткізді.

Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген басқосуға аудан әкімдігінің қызметкерлері мен бөлім басшылары, ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Парасатты қоғамды қалыптастырудың негізгі тетіктері ортаға салынған алқалы жиында сөз сөйлеген Ғабит Өмірәліұлы, Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың жемқорлықты жоюдағы және оның алдын алудағы тиімділігін атап өтті.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністері негізінен кадр мәселесін шешу мен жәрдемақы тағайындауда, жер телімін беру мен мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсауда, сонымен қатар мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында жиі орын алатындығын алға тартып, аудан активін мемлекет мүддесі жолында адал қызмет етуге шақырып, ашықтықты қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізу үшін «Сервистік әкімдік» форматында қызмет көрсетуге көшуді ұсынды.

Жиын барысында Ғабит Өмірәліұлы 2019-2020 жылдары Жетісай аудандық әкімдік қызметкерлеріне қатысты анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына айрықша тоқталып өтіп, жиынға қатысушыларға жемқорлыққа жол берген қол астындағы қызметкерлері үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі туралы ескертті.

Бұған қоса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу тәртібі мен түрлеріне тоқталып өтті.

Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында барлық қала/аудандардың активі мен өңір жұртшылығына ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыратын болады.