Мұғалімдер жұмысқа парасыз қабылданады ма?

896

Шымкентте мұғалімдер енді жұмысқа жаңа жүйемен кіреді. Бұл туралы қаланың бас ұстазы әкім алдында баяндады. Бұған дейін білімін Т-Хантер арқылы көрсететін үміткерлер енді HR-Рrocess сайтына тіркеліп, комиссиядан өтуі керек. Осылайша шаһар жауаптылары Шымкенттегі жемқорлықты жоямыз дейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің көрсеткіші бойынша Шымкентте білім саласы парақорлар көшін бастап тұр. Бұл статистиканы өзгертуге қала басшылары білек сыбана кіріскендей. Сөздерінше, енді мектепке мұғалімдер тек сайтқа тіркеліп, комиссиядан өту арқылы ғана қабылданады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Келгеннен бастап бәрі мұғалім болу үшін ақша төлеу керек, анау керек, мынау керек деген. Енді болмайды».

Ол үшін Шымкентте тағы да жаңа сайт ашылды. HR process-тің бұған дейінгі т хантерден айырмашылығы көп дейді білім басқармасының басшысы. Мәселен, бұған дейін ұстаздарды ата-ана таңдаса, енді бұл құзірет мұғалімдердің өздеріне берілген. Осылайша білікті ұстаздар болашақ әріптестерін өздері таңдайды. Жанат Тәжиева жаңа жүйенің парақорлықты жоятынына сенімді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы: «Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бағытында тамырына түпкілікті балта шабу мақсатында жұмысты бастадым. Әлеуметтік желілер арқылы атқарылып жатқан жұмыс қой. Дегенімен халыққа арнаған арнауымда 99 пайыз сенімсіздікті байқадым».

Ал, Шымкент тұрғындары жемқорлықтың жуық арада жойылатынына күмәнмен қарайды. Аттап бассаң, ақша сұрайды деген олар мектепке мұғалім болудың да оңай емес екенін айтады. Кесірінен білімсіз ұрпақ өсіп келеді дейді шымкенттіктер.

«Мен өзім 40 жыл мұғалім боп істедім. Парасыз Шымкент мүмкін емес. Бәрі парамен. Мұғалімдердің деңгейі де парамен. Мұғалімдер жұмысқа парамен орналасады. Қані біліммен орналасса? Мен сол мектепте 40 жыл істегенде 9 директормен бірге істедім. Соның ішінде 3-ақ директор мұғалімді сұрау арқылы, білімін тексеру арқылы алды. Қалғаны парамен алды. Мен тірі куәмін» дейді қала тұрғыны.

Еске сала кетейік, өткен жылы ғана қалалық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы пара алды деген күдікке ілінген еді. Осыдан кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол орта мектептің оқу бөлімі меңгерушісін мектеп директоры лауазымына тест тапсыруына көмектескені үшін 400 мың теңге ақша алды деп айыпталды.

Назерке Үкібасова