Парламент сайлауы қашан өтеді? (Шолу)

1086
Алтыншы сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясы аяқталғанына айға жуық уақыт болды. Шілде айынның басынан бері депутаттар демалыста жүр. Бесінші сессияның басталуына әлі біраз уақыт бар. Оған дейін біздің зейнеткер депутаттар алаңсыз ел қыдырып, өткен жылды қорытындылай беруіне болады.
Төртінші сессияның атқарған қызметіне берілер баға екі түрлі. Көпшілік «депутаттар бұл жолы да бұрынғыдай қалғып-мүлгіп отырып бір жылды өткізді, ешқандай тың тіршілік тындырған жоқ» деп санайды. Ал депутат мырзалар өз еңбектеріне бес деген баға беріп отыр. «Парламенттің төртінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде аса қажетті заңдарды қабылдады», дейді мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Сол секілді бесінші сессия туралы болжам да екі түрлі. Кейбіреулер екі ай бойы алаңсыз демалған депутаттар күз айнала кең кабинеттеріне келіп жайғасып, бұрынғыдай мимырт тіршіліктеріне қайта кіріседі дейді. Ал көп санды мамандар депутаттар осы жолы демалысқа емес, «келмеске» кетті деп жүр. Олардың ойынша, күзде парламенттің алтыншы шақырылымы таратылып, мерзімнен бұрын сайлау өтеді.
Соңғы пікрідің салмағы басым. Бұған себеп те жоқ емес. Ең алдымен, жақында ғана мерзімнен тыс президенттік сайлау өткізіп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші ел басшысын сайлап алдық. Екіншіден, сайлауды мерзімнен тыс өткізу – қазақстандық сайлаулардың «сәніне» айналғалы қашан?!
Жақында сайлау науқаны өтеріне тағы бір темірдей факт – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің сөзі. 29 шілде «Нұр Отан» партиясының бірініш орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдаған Назарбаев сөз арасында сайлауға дайындалыңдар дегенді айтып қалды.
«Партия халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білуге және оған қолдау білдіруге тиіс. Сондай-ақ, партиямыздың кадрлық құрамын мұқият зерттеу қажет. «Nur Otan» өз жұмысын одан әрі жетілдіруді жалғастыра беруі керек.
Алда бастауыш партия ұйымының басшыларының кездесуі бар, саяси кеңестің кездесуі бар, болашақта өңір-өңірлерді аралап, партияны алдымызда келе жатқан электоралды мәселелерге дайындауымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Партия төрағасының осы сөзінен-ақ «Нұр Отанның» сайлау науқанына дайындықты бастағанын байқауға болады. Жарайды, кезектен тыс сайлау өткізу біз үшін адам таңғалатын жаңалық емес дедік. Ендеше, кезекті кезектен тыс сайлау науқаны қалай өтпек? Оған қанша партия қатысады, кімдер жеңіп, кімдер жеңіледі? Ендігі мәселе осы сұрақтар төңірегінде өрбісе керек…
Елімізде мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі — бес жыл. Демек, 2016 жылы сайланған алтыншы шақырылым 2021 жылға дейін жұмыс істеуі керек еді. Ол мерзімді күте алмайтын секілдіміз. Айта кетерлігі, қазір жұмыс ітсеп тұрған алтыншы сайланымның өзі кезектен тыс сайланған болатын.
Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады. Оның тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.
2007 жылы өткен парламенттік сайлауға 7 саяси партия қатысты. Алайда «Нұр Отан» Республикалық Халықтық-Демократиялық партиясы ғана 7 проценттік барьерді еңсере алды. Сөйтіп, «Нұр Отанға» парламент мәжілісінен 98 орын бұйырды. Палатадағы қалған 9 орын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлаған депутаттарға берілді.
2012 жылғы сайлауға да жеті партия қатысты. Олардың үшеуі сайлаушылардың 7%-дан астам дауысын жинай алды. Олар: «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), «Ақ жол» Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстан коммунистік халық партиясы (7,19%). Сөйтіп, парламент мәжілісіне «Нұр Отан» партиясынан — 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-дан 7 депутат өтті. Бұған Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған 9 депутатты қосамыз.
Ал 2016 жылғы сайлауда «Нұр Отан» партиясы 82,20%, «Ақ жол» партиясы 7,18%, ҚКХП-сы 7,14% дауыс жинап, парламент мәжілісіне өтті. Бұл жолы «Нұр Отаннан» — 84, «Ақ жол» мен ҚКХП-дан – 7 депутаттан сайланды. Ал «Ауыл» партиясы 2.01%, ЖСДП — 1.18%, «Бірлік» партиясы 0.29% дауыс жинап, белгіленген мәжеге жете алмады. Қазақстан халқы ассамблеясынан бұрынғыдай 9 депутат мәжіліс төріне жайғасты.
Егер биыл кезектен тыс парламеттік сайлау өтетін болса біз сөз еткен жоғардағы үш сайлаудан өзгеше ештеңе бола қоймас. «Нұр Отанның» басым дауыспен жеңетініне сенетіндер көп. Ұлттық, халықтық мәселелерді біршама көтеріп жүретін «Ақ жол» да 7%-дық межені бағындыратын болар. Ассамблеяға берілген 9 мандатты дәл қазір қайтып алуға құлшынып отырған ешкім жоқ. Демек, бұлар да мәжілістен кете қоймайды.
Ал «Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясы» тағы да мәжілістен орын таба ма деген сұрақ маңызды болып тұр. Біздің биік бұл партияны төрге шығарып сыйлап отырғанымен, қарапайым халықтың ықыласы төмен.
Қызыл коммунистер басқарған қызыл империядан тәуелсіздік алып, мәңгілік ел болуды мақсат еткен Қазақстан Республикасының заң шығарушы органында коммунистік партияның отырғанына көз жұма беруге енді болмайды дейтіндер көп. Әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған бұл партияның елімізде еркін жұмыс істеп, парламентте отырғанына таңғалмауға болмайды.
Бірақ, бұл партияны біздің билік дәл қазір мәжілістен аластата қоюы екіталай. Күні кеше өткен президенттік сайлауда осы партияның атынан үміткер болған Жамбыл Ахметбеков 1.82% дауыс жинап, жеті үміткердің ішінде алтыншы орын алды. Осының өзі бұл партияның күні бата бастағанын анық аңғартып отыр. Соның өзінде ел билігіндегі көне коммунистер ескі таныстарын әлі тұмсығынан сүйреп, саяси сахнадан алыстатпай отыр.
Қазіргі таңда елімізде ОСК-ға ресми тіркелген саяси партиялар:
«Нұр Отан» партиясы,
«Бірлік» саяси партиясы,
«Ақ жол» ҚДП,
«Ауыл» ХДПП,
Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясы,
«ЖСДП».
Парламенттік сайлауда бұл жолы да осы партиялар бақ сынайтын болар. «Нұр Отан» мен «Ақ жол» бұрынғыдай оза шабуға дайын. Ал ҚХКП-сын енді мәжіліске жіберу мемлекеттігімізге сын деп отырмыз. Оның үстіне президенттік сайлауда өте төмен нәтиже көрсетіп, елдегі саяси орны төмендей бастағанын байқатты. Керісінше, «Ауыл» партиясынан қатысқан үміткер бұлардан үш есе көп (3.04%) дауыс жинады. Демек, парламенттік сайлауда да коммунистік партияның алдын орап кетуге мүмкіндіктері бар. Егер қазіргі биліктергі көне коммунистердің ҚХКП-ға бүйрегі бұрып жүрмесе.
(Салыстыру үшін, бұрынғы одақтасымыз, қазіргі таңда демократиялық тұрғыдан бізден көш ілгері озып кетен Украинаның парламенттік сайлауы жайлы айта кетейік. Бұл елде жақында ғана өткен сайлауға 22 саяси партия қатысқан. Ал оның бесеуі Радаға өтті. Айта кетерлігі, бұларда 225 депутат партиялық жүйемен, тағы 225 депутат мажоритарлы жүйемен сайланады.)
Сөз соңында айтпағымыз, егер биыл шынмен парламент тарап, мәжіліс сайлауы өтер болса, жаңадан сайланар депутаттардың жас ерекшелігі мен идеологиясына ерекше мән беру керек. Бұл жерде қызыл империяның қалдығындай коммунистік партияға мәжілістен орын бермеу керек екенін айттық.
Екінші бір мәселе, біздің мәжілістегі депутаттардың жас құрамы өте егде. Анықтап айтақанда, 107 депутаттың 33-і әлдеқашан зейнеткерлік жасқа толған. Олардың арасында 81 жастағы Владислав Косарев, 74 жастағы Қуаныш Сұлтанов, 72 жастағы Тұрғын Сыздықов сынды ақсақалдар мен 68 жастағы Гүлжан Қарақұсова, 64 жастағы Екатерина Никитинская қатарлы әжелер де бар. Сол үшін елдегі негізгі заң шығарушы органға зейнеткерлерді қаптата бермей, жұмыс істеуге жігері бар жастарды тарту керек. «Жастар жылында» парламентіміз «рухани жаңғырып» зейнеткерлер мен коммунистерден құтылса құба-құп болар еді…
Қуаныш Қаппас
Дереккөз:Abai.kz