ШЫМКЕНТТІК ЖАСТАР ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫНА ҮЛЕС ҚОСЫП ЖАТЫР

813
Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасағының 500-ден астам мүшесі қаламыздың тазалығына атсалысып, шаһардың көркеюіне өз үлестерін қосуда. Бұл игі іс «Жасыл ел» бағдарламасының аясында іске асып жатыр. Биыл қалада 1313 студентті мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланған болатын.
Қазіргі таңда «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының мүшелері мегаполис аумағындағы аудандарда тұратын ардагерлердің үйлерін тазалап, мемлекеттік маңызы бар сакралды нысандардың ауласындағы ағаштарды әктеу, гүлдерді суару жұмыстарына тартылды. Бір айда (маусым айының 24-нен 24 шілде аралығы) 500 студент-жас белсенділік көрсетіп, өз қаласына деген жанашырлығын танытты. Олар 45 гектар аумақты тазалап, шамамен 50-60 тоннаға жуық қалдықтарды шығарған.
Сту­дент­тер, жұмыссыз жастар, бәрі бірге құрылыста және әлеуметтік нысан­дарда еңбек етуде, абаттандыру мен көгалдандыруға, саябақтар мен өзен­дерді тазалау жұмыстарына қатысуда.
– Әрқайсымыз қоршаған орта, туған жеріміз үшін жауап­кер­шілігі­мізді сезінуіміз қажет, бұл – біздің үйіміз, дейді «жасылелдіктер».
Айта кетейік, «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына биыл 27-ші жыл. Бағдарлама аясында жаз мезгілінде студент-жастарымыз еліміздің көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына тартылып, еңбекпен қамтылады. Сондай-ақ аталмыш бағдарлама осы жылдар ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды.
Жасыл ел бағдарламасына қатысушылар уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймай, қосымша қаржы табуға мүмкіндік алады. Яғни, бұл екі қолға бір күрек таппай жүргендерге үлкен мүмкіндік. Олар жұмыстан бөлек қоғамдық іс-шараларға да қатысатын болады. Ал бірінші және екінші кезең аяқталған соң үздік жасақ сарбаздары іріктелініп, салтанатты түрде марапатталады.