Бұрынғы сенат депутаты, кәсіпкер Қожахмет Баймаханов 840 мың халқы бар облыстың мәселесін шешуге құлық танытпаған Экология министрлігін сынға алды.
Қызылордалықтар Сырдария өзенінің суы тартылып қалғанын айтып, дабыл қақты. Бұрынғы сенат депутаты, кәсіпкер Қожахмет Баймаханов 840 мың халқы бар облыстың мәселесін шешуге құлық танытпаған Экология министрлігін сынға алды. Ол бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Қожахмет Баймаханов Сырдария өзенінің қазіргі жайын ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізгісі келеді. Ол Сырдария бойындағы көршілес өзбек, қырғыз елдерінің суды бөгемей, Қазақстанға қажетті мөлшерін жіберуді қамтамасыз етіп, қатаң бақылау керегін айтты.
«Бүгінгі күні Сырдарияда су жоқ! Алдымызда төрт ай жазда 840 мың халқы бар өңірде тіршілік қалай болмақ? Соңғы бір-екі айда Экология министрі облысқа екі мәрте келгендегі айтқаны – «Сексеуіл егіңіздер!». Бұл бізді мазақ қылғаны ма?
Біздің Сыр бойындағы халықтың тіршілігі Сырдарияға байланысты, сондықтан өзбек-қырғыз ағайындардан Сырдария өзеніне, бізге тиісілі суды жіберу жағын қатты бақылауда ұстауды қамтамасыз етіңіздер, президент Тоқаев мырза! Облыс басшылығы және сенат, мәжіліс депутаттары! Президентке, үкіметке, парламентке облыстың экологиялық ауыр жағдайын жеткізіңіздер!», — деп жазды кәсіпкер.
Сондай-ақ тәуелсіз сарапшы-журналист, Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаева да өңірде су мәселесінің күйіп тұрғанын алға тартады. Қызылорда өңірінің су проблемасын, трансшекаралық суды пайдалану проблемаларын 30 жыл бойы зерттеп, жазып жүрген журналист Су ресурстары министрлігін, тым болмаса, агенттігін құруды ұсынды. Сарапшының сөзінше, үкімет елімізде су саясатының әлсіз екенін мойындап, Қазақстанның Су саясатын күшейтуді шұғыл қолға алуы тиіс.
Елімізде су саясатына саяси-адамзаттық проблема деңгейінде маңыз берілмесе, әсіресе аграрлы аймақтар алдағы 10-20 жылда дәнсіз, егінсіз қалатын қауіп жоғары. Әрі су саясатын президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі бақылауға алып, назарында ұстауға тиіс. Әйтпесе, еліміздің су жағдайы бұлыңғыр», — дейді Айткүл Шалғынбаева.