«ҚЫРАННЫҢ ҚЫРЫН, СЫРТТАННЫҢ СЫРЫН ҰҚҚАН» – ата-баба тарихын түгендеу ұрпаққа ұран, мәртебелі міндет

1865
Рухани жаңғыру бағдарламасының игі нәтижелерін жалғастыра түсуге жол ашылды. Міне, осы бағытта белгіленген ғылыми және қаржылық ресурстарды тиімді пайдаланып, қазақ хандығынан бұрын өмір сүрген ежелгі бабаларымыздың өндірісі, мәдениеті мен өнерін барынша әділ, мұқият зерттеуге күш салуымыз қажет. Осы орайда бастауы Қазақстан жерінде болған, өмірімізге өшпес із қалдырған құндылықтарымызды жаңа заманда да дамыта түсуіміз маңызды.
Кезінде көпестер, саудагерлер қазақтың тәуір нәрсе жасауына ниеттес бола қоймаған, олардың ішіндегі көзі ашық сауаттылары үшін қазына, қамба толы астыққа айналған ауыл тарихын түгендейтін сағат тілі соғылды.
Ал, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада дархан далада тіршілік құрған жылқымыз бен жеті қазынаның бірі санатындағы итімізді, қыран бүркітімізді салт-дәстүрге сай зерттеу жолдары да жазылған.
Қазақтың ен даласында ит жүгіртіп, құс салған ата-бабаларымыздың тылсымы мол, тамаша өнеріне әбден тәнті болған өзге ұлт өкілдері, жиһанкездер жарыса жазғаны тарих беттерінен белгілі. Әсіресе, жүйрік иттер жайлы айтылған аңыздар көп. Қарап отырсаңыз, сол жел жетпес жүйрік иттеріміз, қазақы тазылар.
Ал, тарих парақтарын ақтарсақ, 1930-жылдары қазақ даласында төрт мыңдай тазы болғандығы ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Итті жеті қазынаның біріне санаған ата-бабаларымыз, жас нәрестеге көз тимесін, денсаулығы мықты болсын деп, итаяққа су құйып ішкізеді екен. Сараптай келгенде, қазақтың маң төбетінің тұқымы орасан ірі, терісі мықты, жүні арасына ине өтпейтін қалың болып келеді.
«Ит асырасаң сырттаннан, қой бермейді қорадан» деп бекер айтылмаған. Төбеттің маңдайына жазылған дүние де мал бағу, қотанды күзету жеті атасынан бері осы жауапкершіліктің жүгін қия баспай атқарған. Ежелгі дүниеде маң төбеттер үйшік дегенді білмеген. Қатты аязда да, түкірік мұз болып жерге түсер күнде де қотан күзетіп, қар үстінде жата берген.
Қазақ төбетінің дауысы да қаһарлы, жеті қырдың астынан естіледі. Түз тағысы төбет жатқан қотанға айласын асырып, шаба алмайды.
Жүйрік тазының сұлулығы көз тоймайтын мінезіне сөз жетпейтінін ата-бабаларымыз әдемі суреттеп, сыпайылылығын, аштығын ешқашан білдірмейтінін мақтан ете білген. Бұл тазылар дегдар деп аталған. Зерттеушілердің пайымдауынша, дегдар тазының қазақ даласында пайда болуы ислам дінімен байланыстырылады. Атамыз қазақ тазыны жарғақ құлақты және шашақ құлақты деп екіге бөлген.
Тегіне, тұқымына байланысты құмай тазы, дүрегей тазы, қайыпқаптап тазы деп те аталады. Үш түрінің ішінде алғыры қайыпқаптап тазы екен. Жүйріктігі өз алдына, тұла бойындағы қайраты мен амал айласының молдығы сондай, қасқырды да ала береді.
Жалпы, алғанда тазылар жер ерекшелігіне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Тау тазысы және дала тазысы. Мұндағы айырмашылық дала тазысының кеудесі мен бөксесі бірдей. Жылдам, жеңіл әрі нәзіктеу. Екінші тау тазысы бөксесі – биік, аяғы – сіңірлі мойны – жуан болып қалыптасқан. Азулыға да ауыз салуға жүрегі жетеді.
Ықылым заманнан бері қазақ халқы көшпелі өмір салтын көріктендірген әдемі салт-дәстүрдің бірі – ит жүгіртіп, құс салу.
Ата-бабаларымыз жылқының жүйріктік һәм жатырға шаппақ тектілігі, қыран құстың алғырлығын ерекше бағалап, адамзат бойында да осылардың болуын қалаған.
Ал, қыранды қолға қондырып, қансонарда қызығына батқан қазақтың аспан серісіне деген ұғымы да ерен. Ежелден атамыз қазақ перзентіне «қанатың талмасын, қырандай самға» деген теңеумен бата берген. Бұл құбылыс – бүркітке құрметтің белгісі.
Тәуелсіздігімізді де қыранның самғауымен елестететін мемлекеттік туымызда да бүркіттің бейнеленуі ұлттың ұлы болмысын қалыптастырады.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, құла жүзді түрленткен атақты Құбылай жанның 500 сұңқары болған екен. Заман ағымымен жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүр, өнерімізді жаңғырту керек. Қайта жаңғырса, ата-баба рухы жалғасын таппақ.
Қоянды қыр асырмай, түлкіге тажал болған қырандар туралы аңыз әңгімелер мен мақал-мәтелдер көп-ақ. «Кәрі қыран – аңшының бастаушысы» деген сөздің төркіні де аңыздан тараған секілді.
Ертеректе бүркіт салып, ауыл-аймақта аңшылықпен асыраған саятшы, қарттың жеңіл, денсаулығы сыр бере бастағанда, бастаушысы болған қарт қыранның томағасын сыпырып еркіндікке қоя береді. Дәм тұзы таусылып, өмірден өткен аңшыны ауылдас, туыстары қадір қасиетімен қабірге жерлейді. Құдайдың құдіреті ме белгісіз…
Осы сәтте жұрттың алдына өң мен түстей көрініс орын алады. Әуеден құлдилай келіп, қабір жанына шаншылып мерт болған саятшының қарт бүркітін көріп таң қалады. Табиғи сәйкестік пе, әлде… Адамзат баласына деген бауырмалдық белгісі ме?! Бұл бір Аллаға ғана аян…
Қазақта «сыншы сырын айтпайды, бүркітші шынын айтпайды» деген даналық сөздің де түп тарихында, теңеулерінде келер ұрпаққа берер белгілер көп.
Төл тарихымызға қайта үңілу, осы байыппен зерттеп-зерделеу, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеу мемлекетіміздің жан-жақты дамыған әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде қатар тұруына мүмкіндік беретіні белгілі.
Себебі, еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысынан жылқының сүйегі, ит пен құстың да қаңқасы табылып отыр. Яғни, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі өнер тарихы сол дәуірден бастау алатынын аңғартады.
Өміржан ШАЛҒЫНБАЕВ,
С.Рақымов ауыл округі,
Қазығұрт ауданы