Ақшаны қателесіп бөтен адамға аударып қойсаңыз, не істеу керек

1006

Кейде адамдар танысына мобильді аударым арқылы ақша аударамын деп, нөмірін қате теріп, қаражатты бөтен біреуге жіберіп қояды. Мұндай жағдайда бейтаныс адамның шотына түскен ақшаны қалай қайтаруға болады? Егер сіздің шотыңызға біреу қателесіп ақша аударса, не істеу керек? Бұл сауалға Sputnik Қазақстан жауап берді.

Егер қателесіп ақшаны бейтаныс адамға аударсаңыз Банк басқа адамның шотына түскен ақшаны сізге кері қайтара алмайды. Бұны істеуге міндетті де емес. Бейтаныс адамға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, ақшаны жіберуін өтінуге болады. Егер ол бас тартса, сотқа ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз бере аласыз. Себебі Азаматтық кодекс бойынша, қолданыстағы заңнамада ақшаны алған адамның әрекеті «негізсіз баю» деп саналады. Бұл ретте сотқа дәлелді айғақтар ұсыну керек. Мәселен, ақша аударғыңыз келген танысыңыздың телефон нөмірін немесе деректемелерін көрсету. Сонымен қатар ұялы операторға хабарласып, қоңыраулар тізімін сұратуға болады. Сол арқылы бұрын бейтаныс адамға ешқашан телефон соқпағаныңызды, қателесіп ақша жіберіп қойғаннан кейін ғана қоңырау шалғаныңызды дәлелдей аласыз. Әлгі адам ақшаны сізге қайтармас үшін түрлі айла-амалға баруы ықтимал. Мысалы, ақшаны сіз оған көрсетілген қызмет немесе қайырымдылық ретінде аударды деп өтірік айта алады. Алайда мұны дәлелдеуі тиіс. Егер дәлел болмаса, сот алушыны барлық қаражатты қайтаруға міндеттейді.Сондай-ақ, сіз Ұлттық банктің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп алуға құқыңыз бар. Телефон нөмірінен қателессеңіз Телефон нөмірі арқылы ақша аудардыңыз, алайда бір нөмірді қате жаздыңыз делік. Ақшаны банк арқылы қайтарып ала алмайсыз. Ең дұрысы, сол нөмірдің иесіне хабарласаңыз. Ақшаны қателесіп аударғаныңызды түсіндіріп, оны қайтаруын сұраңыз. Сізге сенуі үшін шотын тексеруді өтініңіз. Жөні түзу адам болса, жағдайыңызды түсініп, ақшаны кері жіберуі мүмкін. Карта немесе шот нөмірінен қате жіберсеңіз Егер сіз банк картасының немесе шоттың нөмірін қате теріп, ақша аударып қойсаңыз, банкке хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатынын біліңіз. Бұл жағдайда банк төлемді біржақты тәртіпте кері қайтара алмайды. Әрбір банктің өз рәсімі бар. Егер ақша басқа шотқа сәтті түссе, оны тек ақшаны алған адамның келісімімен ғана қайтаруға болады. Егер ақша аудару процесі жүріп жатса, яғни шотқа әлі түспесе, онда операцияны тоқтатуға мүмкіндік бар. Ал егер сіз қате жіберіп, мүлде жоқ банктік деректерді көрсетсеңіз, төлем жасалмайды және ақша автоматты түрде қайтарылады. Алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керек Көбіне алаяқтар банктің атынан шотыңызға ақша түскені туралы SMS-хабарлама жолдап, артынша телефон соғып, ақшаны қайтаруды сұрайды. Сондықтан қайтармас бұрын шотқа шынымен бөтен біреуден ақша түскеніне көз жеткізу керек. Шотты банктің мобильді қосымшасы немесе банк операторымен ресми нөмір арқылы байланысып тексеруге болады.Айта кетейік, ақша сізге қарыз адамнан немесе жұмыс істейтін компаниядан түсуі ықтимал. Сол себепті ақшаның сізге тиесілі емес екеніне әбден көз жеткізіңіз. Ақшаның кімнен және қашан түскенін шоттағы үзінді көшірмеден білуге болады. Егер біреу ақшаны қателесіп аударып қойса, ал өзі сізбен байланысқа шықпаса, банкке хабарласыңыз. Ақшаны қайтаруға келісім беру туралы жазбаша өтініш жазыңыз. Содан кейін банк заң бойынша төлемдерді қайтару рәсімдеріне сәйкес кері төлем жүргізеді.

Автор: Сәке Қанатұлы