Зюгановтың «сандырағына» депутаттар жауап берді

1281

Ресей Коммунистік партиясының серкесі Геннадий Зюганов Қазақстанға қатысты арандатушы мәлімдеме жасапты. Не себепті «жасапты» деп өткен шақпен айтып отырмыз? Өйткені оның сұрқия мәлімдемесі 20 қаңтарда жарияланса да, жаппай таралуы кешелі-бүгінге тура келіп тұр.

Зюганов Қазақстанға қатысты айта келе, былай дейді: «Президент пен Мемлекеттік дума мына мәселелерді талқылап, бірқатар шұғыл шешімдер қабылдауы керек: ең алдымен бұл республикадағы орыс тілділерді ұлтшылдардың бассыздығынан қорғау қажет. Байқоңырдан бастап стратегиялық нысандар, полигондар сенімді қорғалуы керек. Қазақстан басшылығымен қажетті кеңестер жүргізіліп, бізге қажетті қауіпсіздікке кепілдік берілсін. Тілдік, мәдени, рухани тұрғыда…».

Кәрі коммунистің бір айдан астам уақыт бұрын айтқан «сандырағын» неге енді таратып жатыр? Мұндағы мақсат не? Біздің депутаттар бұған не деп жауап берді?

Павел Казанцев, Мәжіліс төрағасының орынбасары:

Жириновскийден айырмашылығыңыз қандай, Зюганов?!

03-05– Зюганов мырза! Сіздің Қазақстанға қатысты мәлімдемеңізді аса өауіпті әрі арандатушылық деп бағалаймын. Дені сау адамдардың бәрі аса нәзік әлемді қалай сақтап қаламыз деп жатқанда сіз, керісінше, тағы бір тұрақсыздық ошағын жасауға тырысып жатырсыз! Бұл жолы Қазақстан-Ресей векторына қатысты.

Қарым-қатынастың барлық негізгі принциптерін біздің Президент пен Ресей басшылығы айқындап қойған. Қарым-қатынасымыз тұрақты бұл күн сайынғы тәжірибеден көрінеді. Біз жылт етпе саяси пайда үшін немесе өзін көрсетіп қалу үшін тұрақтылықты шайқауға жол бермейміз! Отпен ойнауға болмайды! Қараңғы бөлмеде қара мысық жоқ екенін біле тұра, оны іздеудің қажеті жоқ.

Қазақстан халқы тұтас, бәлкім, бұрынғыдан да күшті болуы мүмкін. Өйткені біздің бірлігіміз сыннан өтті.

Бізде тілге немесе дінге қатысты қысым жоқ. Керісінше, ел мен мемлекеттің тағдырын терең түсіну бар.

Осындай сөзден кейін Жириновскийден қандай айырмашылығыңыз бар?!

Айгүл Құспан, Мәжіліс депутаты:

Бұл – арандату!

03-06

– Мемдуманың депутаты, коммунист Зюганов Қазақстанға да қол салуға тырысыпты. Әдеттегідей ойдан шығарылған себеппен.

Ойлап көріңіздерші, ол: «Солтүстік Қазақстан тұтастай орысша, ал оңтүстік Қазақстанда орыс тілін оқытпайтын болған», – деп думалық оппозиционер дабыл қаққысы келеді. Одан әрі түрін келістіріп алып, Ресей басшылығын «орыстілділерді ұлтшылдардың бассыздығынан қорғау үшін шұғыл шешімдер қабылдауға» шақырады.

Зюгановтың бұл сөзі – ашық арандату, Ресейдің ең бейбіт әрі сенімді әріптесі Қазақстанға қатысты жауапсыз әрі шовинистік мәлімдеме.

Менің ойымша, компартия лидері осындай жолмен өзін елдің бас патриоты ретінде көрсеткісі келген сыңайлы. Алайда ол екі ел арасына жік салып отыр.

Біздің елде дұрыс ойлай білетін адамдар көп. Қазіргідей күрделі уақытта ресейлік саясаткерлерге аса жауапкершілік қажет, әсіресе, көршілеріне қатысты.

P.S. Саясаткер Ермұхамед Ертісбаев Зюгановтың мәлімдемесін «ұлыдержавалық шовинизмге» балап, қазақстандықтар мен ресейліктерді арандатушылардан сақ болуға шақырды. Бір қызығы, Зюгановты «клоун», «сатқын» деп айыптағандар мен «бізді құтқару қажет емес!», «біз бейбіт өмір сүргіміз келеді!» деп жазғандардың көпшілі – өзге ұлт өкілдері…