Қос мегаполис жабық қалаға айналды

841
Қазақстанның екі басты мегаполисі карантинге жабылады. Пре­зи­дент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мем­лекеттік комиссия биылғы 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін енгізді.
Бұл мәлімдеме Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен осы мемкомиссияның отырысында жария етілді.
Жиында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы са­ни­тарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы Денсаулық сақ­­тау министрі Елжан Біртанов, Премьер-Министрдің орын­­басары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкі­мі Алтай Көлгінов пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Са­­ғынтаев, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Ішкі іс­тер министрі Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ Президент Әкім­шілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин баяндады.
Отырыста еліміздің ең ірі екі қаласында COVID-19 та­ра­луына қатысты күрделі жағдай қалыптасқаны ашық ай­тылды. Осыны ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның бас­қа қалаларына коронавирустың жайылуын болдырмау мақ­сатында мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпи­демияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабыл­дады.
Сонымен, 19 наурыздан бастап екі шаһарда мынадай шетін шаралар қолданылады: біріншіден, карантин енгізіледі. Ауқымды санитарлық эпи­демияға қарсы іс-шаралар жүзеге асырылады.
Екіншіден, карантин аймағының шекарасы белгіленеді: жауапты құры­лымдар үшін оған кіру және одан шығу пункттері анықталады.
Үшіншіден, былайғы жұрт қос қаладан ешқайда кете алмайды, өзге өңірлерден ешкім кірмейді. Өйткені адамдардың қозғалысы, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп-шығуы шектеледі.
Төртіншіден, қалалықтардың 3-санат тобы: ауруға шалдыққандар, инфекция жұқтырды деген күдікке іліккендер және карантиндегілер үшін арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.
Бесіншіден, екі қала да сектор­ларға бөлініп, олардың шекаралары анықталады. Бұл жабық қалада тұр­ғындарды азық-түлікпен жабдықтау, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі, азаматтардың қала ішін­дегі қозғалысын шектеу үшін қажет көрінеді.
Алтыншыдан, қоғамдық көлік қозғалысы күндізгі уақытта да тоқтатыла тұрады немесе шектеледі, ал түнгі уақытта мүлдем тоқтатылады.
Жетіншіден, азық-түлік емес тауарлар саудаланатын базарлар, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлері жабылады. Тек азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттар сататын жерлер ғана жұмыс істейді.
Сегізіншіден, адамдар сыртқа көп шықпауы үшін мейрамханалар, дәмханалар, асханалар, аспаздықтар «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша жаңа жұмыс режиміне көшіріледі.
Тоғызыншыдан, барлық ХҚКО-ларда жұмыс режимі шектеледі. Елорда әкімі Алтай Көлгінов көптеген мемқызметтер электронды форматта көрсетілетінін еске сала келе, аста­налықтардан қажетсіз ол орталық­тарға бармауды өтінді.
Оныншыдан, карантинге жа­был­ған әрбір қаланың және әрбір сек­тордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына деген тәулік бойғы қа­жеттілігі айқындалады.
«Қалада азық-түлік жеткілікті. 38 мың тоннасы бар. Кеше Нұр-Сұл­танға 400 мың маска әкелінді. Алда 200 мың бірлік антисептик құралдары жеткізіледі», – деді А.Көлгінов.
Бұдан бөлек, қос қаладағы каран­тиннің әрбір секторы үшін өз сауда орталықтары және алғашқы қажет­тілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтары белгіленеді.
«Коронавирус инфекциясының кеңінен таралуына жол бермеу бо­йын­ша жұмыстар Мемлекет басшы­лығының бақылауында. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең басты­сы, азаматтардың өздеріне байла­нысты. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағанда ғана өздеріңізді және жақындарыңызды қорғап қаласыз­дар», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімі өз Үндеуінде.
Денсаулық сақтау министрі Ел­жан Біртановтың өкімімен меди­циналық мекемелер 15 сәуірге дейін карантинге жабылды: олардан сыр­қаттар шықпайды, оларға туыстары бара алмайды.
«Бүгіннен бастап барлық меди­циналық мекемелерде – аурухана­ларда, медициналық-әлеуметтік ме­кемелерде, қарттар үйлерінде, интер­наттарда карантин енгізіледі. Осы ұйымдарға медициналық қызмет­керлерден басқа адамның баруына тыйым салынады. Бұл оларда жатқан пациенттерді қорғауға бағытталған. Бұдан бөлек, аталған медициналық ұйымдарда санитарлық-карантин­дік шаралар күшейтілді, оның ішін­де фото және бейне түсірілімдерге ты­йым салынды», – деді министр Е.Біртанов.
«Президент Іс басқармасының ме­дициналық орталығы аурухана­ла­рындағы барлық жоспарлы опера­ция­лар, зерттеулер, пациенттерді қабылдау төтенше жағдай режимінің әрекеті аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады», – деп хабарлады ПІБ баспа­сөз қызметі.
Айхан ШӘРІП

Дереккөз:aikyn.kz