Әр балаға – 21 мың теңге: 80 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды

1583
Өтініштердің дені Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласынан түскен
Елімізде 84 287 отбасыға жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 9,4 миллиард теңге мөлшерінде төленді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау осы жылдың 1 сәуірінен бері жүріп жатыр. Өтініш жұмыспен қамту орталықтары мен ауылдық әкімдіктерде қабылданады.
2 мамырдағы мәлімет бойынша, «Е-Халық» жүйесі арқылы барлығы 148 649 өтінім (799 032 адам) түскен, соның ішінде 100 566 өтініш бойынша оң шешім қабылданды,  41 647 өтінім қаралып жатыр.
Ең көп өтініш Түркістан облысы – 30 382 отбасы (180 179 адам), Алматы облысы – 17 698 (93 399 адам) және Шымкент қаласынан – 17 275 отбасы (88 478 адам) түскен.
Сондай-ақ, бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген 48 380 отбасы үшін төленетін ақша мөлшері автоматты түрде қайта есептелді.
«Бүгінде жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 84 287 отбасына жалпы сомасы 9,4 миллиард теңге мөлшерінде төленді», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап тағайындалатынын және өтініш беру күніне тәуелді емес екенін еске салды.
Айта кетсек, осы жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50%-нен 70%-не дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өседі. Бұл ретте, егер АӘК-тің орташа мөлшері бұрын отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңгені құраған болса, енді әр балаға 20 789 теңге төленеді.
Биыл атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 130 миллиард теңгеден астам қаржы көзделген.