ТҮРКІСТАНДА «РУХ ПЕН ЖІГЕР ЖЕҢІСІ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

24

Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген «Рух пен Жігер жеңісі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітаптың таныстырылымына облыстық ардагерлер кеңесі, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары, зиялы қауым өкілдері, жастар, этнос өкілдері мен руханият жанашылары қатысты.
☑️Бұл жинақта оқырманға бұрын жарық көрмеген жаңа деректер, қызықты танымдық мәліметтер ұсынылған.
☑️Тұсаукесер рәсімін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып беріп, мазмұнды шараның мақсатына тоқталды.
📌– Майдангерлеріміздің ерлігін дәріптеу – баршамызға міндет. Тарихи сананы ұрпақ бойына сіңіру мақсатында облыста Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шараға сәйкес, өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып, майдангерлерге, ардагерлерге құрмет көрсетілуде. Ал бүгін, сол жұмыстың жалғасы ретінде Ұлы Жеңіске 80 жыл толуына орай, «Рух пен Жігер жеңісі» атты жаңа кітап жарық көріп отыр. Бұл кітапта облысымыздан шыққан ардагерлер мен батырларымыздың ерліктері дәріптеліп, екінші дүниежүзілік соғысындағы тың деректер айтылады. Кітаптың тағы бір жаңалығы – есімдері белгісіз болып келген 34 майдангер туралы дерек қосылып отыр. «Рух пен Жігер жеңісі» кітабы – халқымыздың рухани қазынасының бірі болады деп есептеймін, – деген Ертай Кенжебекұлы жинақтың жарыққа шығуына зор үлес қосқан авторларға алғысын білдіріп, облыс әкімінің атынан «Абай жолы» романы табыстады.
☑️Сондай-ақ жиында 100 жастан асқан Ұлы отан соғысының ардагері Мұратәлі Төлепбергенов мінберден сөз сөйлеп, жастарға рух беретін, елге деген сүйіспеншілік пен патриотизм туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Ол Ұлы жеңістің тарихына тоқталып, тарихи жадты ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
☑️Шара барысында «Рух пен Жігер жеңісі» кітабына арнайы ашылған сайт таныстырылды. Сондай-ақ Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерпаздары патриоттық рухтағы өлеңдер оқыды.
☑️Айта кетейік, Түркістан облысынан Ұлы отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанған. Оның ішінде 51 жауынгер Кеңес Одағының батыры атағын алса, 8 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Бүгіндеоблыс бойынша небәрі 8 соғыс ардагері қалды. Ұлы Жеңістің – 80 жылдығына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі