«Әкімі қайда?»: Арыстың басшысы шеруге неге бармағанын түсіндірді (видео)

1066
Түркістан облысы, Арыс қаласы әкімінің күні кеше Шымкентте наразылық шеруін ұйымдастырған жерлестерінің хал-жағдайын не себепті сұрамағаны белгілі болды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қала әкімі Мұрат Қадырбек жарылыс орын алған соң Арысты жарылғыш заттардан тазалау жұмыстарына білек-сыбана кірісіп кеткен.
Өз сөзінде әкім төтенше жағдай орын алған сәтті де есіне түсіріп, ашуға булыққан халыққа басу айта алмауының себебін де түсіндірді.
«Ол кезде Арыста болдық. Жұмыста, әкімшілікте. Төтенше жағдайлар қызметіндегілер хабар беріп, біз дереу мобилизация туралы халықты шығаруға тырыстық…
Содан бері қаланы тазалау, су, жарықпен қамтамасыз ету, қаладан мобилизацияға шығып кеткен азаматтарды қабылдап алу үшін қаланы дайындап жатқанбыз», — деді Мұрат Қадырбек.
Сондай-ақ, ол енді барлық тұрғынмен кездесіп, үй-үйді аралап шығуға уәде етті.

Айта кетерлігі, 24 маусым күні Арыста болған жантүршігерлік оқиғадан кейін естерін енді жиған халық қала басшысын іздеп, желіде түрлі жазбалар қалдырып жатты.
Олардың басым көпшілігі «Арыстың әкімі қайда? Шымкенттегі шеруге неге келмеді?», -деп сұрады.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Арыстағы жарылыстан соң тұрғындардың қалаға кіруіне рұқсат етілді.
Әзірге тұрғындарға арнайы пунктерде азық-түлік таратылады. Себебі қаладағы дүкендер мен дәмханалардағы азық-түлікті тұтынуға тыйым салынған. Оның барлығы 100 пайыз жойылады.