Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану шарасын қарастыруды тапсырғанда, қуанбаған жан аз шығар.
Бірақ, бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың түсініктемесінен кейін, көпшіліктің сол қуанышы су сепкендей басылды!
Өйткені, азаматтардың зейнетақы қорында қаражаттың «жеткіліктілік шегі» деп аталатын төмендегідей сома болу керек екен.
30 жас үшін – 2 млн. 518 мың теңге;
35 жас үшін – 2 млн. 961 мың теңге;
40 жас үшін – 3 млн. 437 мың теңге;
45 жас үшін – 3 млн. 947 мың теңге;
50 жас үшін – 4 млн. 495 мың теңге;
55 жас үшін – 5 млн. 084 мың теңге;
59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн. 586 мың теңге.
Ал, солай-ақ болсын дейік!
Сонда, 30 жастағы жас маман 2,5 млн. теңгені қай уақытта жинап үлгереді?
Өзі 25 жасқа дейін ЖОО-да оқуда болса, қалған бес жылда аталған соманы жинақтау үшін оның жалпы табысы 25 млн. теңгеден кем болмауы керек. Бұл айына орта есеппен 420 мың теңге деген сөз.
Енді қараңыз, университет қабырғасынан кеше ғана шыққан жас маманға ондай жалақыны кім төлейді?
Мүмкін «Самұрық», «ҚазМұнайгаз» саласында жүргендерге төленетін шығар. Бірақ, елдің бәрі онда істемейді ғой.
Бюджеттік мекемедегі жас маманның айлық табысы 110-130 мыңның төңірегінде. Бұл ашық дереккөздерінде тұр.
Сонда, министр Нұрымбетовтың айтқанынан қалт-құлт күн кешіп жүрген қарапайым халыққа не пайда бар? Ешқандай да! Бұл арада, тағы да тұрмысы жоғары (министрлер, әкімдер, депутаттар, мекеме басшылары, квазимемлекеттік сектордағылар) ғана ұтысқа шығайын деп отыр.
Сондықтан, Президент Жолдауында айтылғандай, жалпы халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға арналған тапсырмалардың бұрмалануына жол беруге болмайды.
Ендеше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің антихалықтық бұл шешімін шұғыл арада қайта қарауы тиіс деп ойлаймыз. Жоғарыдағы шектік көрсеткіш екі-үш есе төмендетілуі керек! Министрліктің шешімі Ата заңның тармақтары емес, бар болғаны нормативтік құжат, оны өзгертуге болады!
Қайым-Мұнар Табеев,
Abai.kz