ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ БОЙЫНША «СПУТНИК» ГҮЛЗАРЫ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

1047
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шымкенттің орталығында – А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан «Спутник» гүлзары ұзақ жылдардан кейін қайта ашылды. Тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалған аймақтың ашылуына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Ғ.Сыздықбеков Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерін дер кезінде орындау – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Шымкентте өмір сүруге жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғаса беретініне тоқталды. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, қалпына келтіріліп, қайта ашылып отырған «Спутник» гүлзары – соның бір көрінісі.
Гүлзарға 100-ге жуық көшет отырғызылған. Сондай-ақ, ерекше дизайнда жасалған әткеншектер, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылыпты. Құрылысы бір айда аяқталған гүлзарға аяқжол салынып, 2200 шаршы метр аумақ көгалдандырылған.
Айта кетейік, бір кездері шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнының бірі болған бұл жер кейіннен кәсіпкерлердің қолына өтіп, гүлзардың орнына сауда нысандары салынып кеткен еді. Бұл жағдай ұзақ жылдары бойы тұрғындардың наразылығына себеп болып, дау тудырып келген болатын. Кәсіпкерлер қаланың орталығындағы жайлы жерге үлкен, заманауи сауда орталығын салғысы келсе, сол маңдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары табиғат аясында бір сәтке тыныстап, демалатын гүлзардың қалпына келтірілгенін қалады.
Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбеков ұзақ жылдардан бері шешімін таппаған осы мәселенің түйінін тарқатты.
Қала басшысының Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есеп беру кездесуінде осы мәселе көтерілген еді. Ғ.Сыздықбеков сол жерге арнайы барып, жағдаймен танысып, тұрғындар мен кәсіпкерлердің талаптарын тыңдады және тараптарға бұл мәселені заң аясында шешетінін айтқан болатын.
Мәселе жан-жақты зерттелгеннен кейін гүлзарды қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Кәсіпкерлерге басқа жақтан балама жер телімі беріліп, заң талаптарына сәйкес, өтемақы да төленді. Тағы бір айта кетерлігі, гүлзарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары демеушілердің есебінен жүргізілді.
«Шымкент келбеті»
Фото: Серік ҚОСАЕВ