Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (11-0, 10 КО) бірінші орта салмақтағы үш титулды жеңіп алды деп хабарлайды Prosports.kz.
Отандасымыз өзінің титулдық жекпе-жегін Мексиканың Куэрнавака қаласында голландиялық Стивен Даньоға (17-3-3, 6 КО) қарсы өткізді.
Жекпе-жек жоспарланған 10 раундқа созылып, төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.
Осылайша, Садриддин Ахмедов бірден үш белбеуді (WBC Francophone, WBA Continental және NABF) иеленіп, кәсіби мансабындағы он екінші жеңісіне қол жеткізді.
Стивен Даньо мансабында төртінші рет жеңілді.
Айта кетейік, жеңіліп көрмеген тағы бір отандасымыз Жанқош Тұраровтың рингке қай күні оралатыны және келесі қарсыласының кім екені белгілі болды.
Sports.kz порталының мәліметінше, Жанқоштың келесі жекпе-жегі 12 наурызда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтпек. Қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыласы британдық Тайрон Маккенна.
Ол 21 жеңіске жетіп, екі рет жеңіліс тапқан. Ал Жанқош мансабында 24 рет жеңіске жеткен. Басылым жазуынша, жекпе-жек 10 раундқа есептелген.
Сонымен қатар «Парсыдан шыққан дағыстандық» лақап атымен танымал ирандық файтер Мохаммед Хейбати қазақстандық Мұратбек Қасымбаймен реванш үшін 8 миллион рубль (шамамен 44,5 миллион теңге) сұрап отыр.
Еске салайық, 2020 жылдың желтоқсанында Мұратбек Қасымбай Мәскеуде өткен AMC Fight Nights 99 турнирінде Мохаммед Хейбатиге қарсы жекпе-жекте жеңіліп қалған еді.
Қазақстандық спортшының командасы төрешілердің даулы шешімімен келіспеген болатын.