ТҮРКІСТАН: АРЫСТА 240 ОТБАСЫҒА ЖАҢА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

1100
Түркістан облысы, Арыс қпласында Әз-Наурыз мерекесіне орай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 240 пәтер пайдалануға берілді. Бұл үйлер сатып алу құқығынсыз үй кезегінде тұрған аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылар, жетім және халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы басқа да азаматтарға берілді.
Жаңа қоныс иелерін Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев, шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова арнайы құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.
«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету — күн тәртібіндегі мәселе ретінде менің әркез назарымда. Әз-Наурыз мерекесіне орай беріліп отырған баспана иелеріне жаңа қоныс құтты әрі жайлы болсын, іші балалардың күміс күлкісіне толсын деп тілейміз. Әз-Наурыз әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс-ынтымақ, отбастарыңызға амандық әкелсін», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, «Көктем-2» тұрғын ауданында бой көтерген 5 қабаттан тұратын 4 көпқабатты үйдің жалпы көлемі 12 308 шаршы метрді құрайды. 60 пәтерден тұратын әрбір ғимаратта: 1 бөлмелі – 15 пәтер, 2 бөлмелі – 15 пәтер, 3 бөлмелі – 30 пәтер бар.
Бүгінде Арыс қаласында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тауып келеді. Айталық, өткен жылы «Көктем-2» тұрғын ауданынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 36 пәтерлі 3 қабатты 3 тұрғын үй пайдалануға берілген болса, биыл «Қолғабыс» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен баспанаға мұқтаж 2 отбасыға арнап тұрғын үй салынып, тегін берілді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, тағы 8 баспана бой көтереді деп жоспарланған.
Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 2 200-ден астам адам тұр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі