ЖАСТАР ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖЕТІЛДІРІЛМЕК

1186
Шымкент қаласындағы жастар ресурстық орталығының жұмысын жетілдіру үшін 5 бағыт бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Бұл туралы қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы М.Шотанов қала әкіміне жастар ресурстық орталықтарымен атқарылған жұмыстар жайын баяндау барысында айтты.
«Бірінші жастарды әлеуметтік қызметтермен қамту — оған 45 мыңға жуық жасты қамту көзделуде. Екінші 93 мыңнан астам жасты волонтерлік қызметке тарту болса, үшінші елдің қоғамдық саяси өміріне әйелдердің рөлін арттыру үшін 30 іс-шара өткізу жоспарлануда. Ал, төртінші оқымайтын және жұмыспен қамтылмаған жастар санын азайту, бесінші «Жасыл ел» жобасына жастарды тарту»,-екенін айтқан басқарма басшысы осы бойынша жүйелі жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Осы жылдың бірінші тоқсанында қалада 25 қоғамдық, 12 қайырымдылық, 44 ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 7 мыңға жуық жас тартылған болса, волонтерлік ұйымдар мен мектептер арасындағы бекітілген жоспарға сәйкес 62 іс-шара ұйымдастырылып, ол іс-шараларға 13 мың шамасында жас қамтылған.
Баяндамашы жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,7 пайызға төмендегенін, 2022 жылы бұл көрсеткішті 6,5 пайызға түсіру бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтып, жыл басынан 2066 жас жұмыспен қамтылғанын мәлім етті.
Жиын соңында сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келетін — жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту секілді бағдарламаларды кеңінен түсіндіруді тапсырды. Сонымен бірге мегаполис жастарының қолынан көп іс келетін еңбекқор жандар екенін айтып, жұмыссыз жастарды терең зерделеп, оларға мамандық бойынша дұрыс бағыт-бағдар беру жұмысын жандандыруды жүктеді.