Шымкенттік ұстаздар жас мұғалімдер форумына қатысты

646

Елордада «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас педагогтар форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Шарада еліміздің барлық аймағынан келген жүзден астам жаңа буын өкілдері бас қосты. Аталған форум «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бастамашылық еткен еліміздің жас мұғалімдерін кәсіби дамыту жөніндегі ауқымды жобаның жалғасы болып саналады. Екі күнге созылған форумда кәсіби біліктілікті арттыру мәселесі қаралып, шеберлік сабақтары өткізілді.

Сондай-ақ шарада жас мұғалімдерді жан-жақты кәсіби дамытуға бағытталған функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, SAMR технологиясы, инсайт зертханаларында жұмыс істеу мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалану тетіктері қарастырылды. Форумның алғашқы қатысушыларының бірі болып Шымкент қаласынан 6 педагог қатыстырылды. — «Біз секілді жас мамандарға форум үлкен серпіліс сыйлады деп ойлаймын. Өзіме әр түрлі секция барысында үздік практикалық тәжірибемен, ғылыми жобалармен, методикалық әзірлемелермен танысу өте қызықты болды. Форум ұйымдастырушыларына алғыс айтамын, жас ұстаздар жаңа оқу жылына жақсы бағыт пен бағдар алды деп сеніммен айта аламын,» – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ыбыраева Көркем.

Сонымен қоса, өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандық тұлғалар TEDTalk-те мотивациялық спикер ретінде сөз сөйлейді. Олар – «Bilim Media Group» компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы, «Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Джумурбаев, белгілі журналист, теле және радио жүргізуші Майра Төлепберген. Жас білім беру көшбасшыларының белсенділігі мен креативтілігі тәжірибе алмасу үшін осындай білім беру алаңдарының қажеттілігін дәлелдеді және бұл алдағы уақытта да жақсы дәстүрге айналмақ.