Аты аңызға айналған Пакьяо Бронерді тізе бүктіріп, титулын қорғап қалды

1102
Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада штаты), MGM Grand аренасында жартылай орта салмақта титулдық жекпе-жек өткізілді. Онда филиппиндік Мэнни Пакьяо (60-7-2, 39 КО) америкалық Эдриэн Бронермен (33-3-1, 24 КО) айқасты, деп хабарлайды Sports.kz.
Пакьяо жекпе-жекке өзінің еншісіндегі WBA «тұрақты» белдігін тікті. 12 раундқа шақталған айқаста төрешілер бірауыздан Пакьяоны жеңімпаз деп таныды (117:111, 116:112, 116:112). Сонымен Пакьяо кәсіпқой рингтегі 61-жеңісіне қол жеткізді, ал Бронер төртінші рет сүрінді.
Айта кетейік, Пакьяоға осы жекпе-жек үшін кепілді 10 миллион доллар гонорар төленеді. Ал Бронер 2,5 миллионды қалтасына басады. Еске сала кетейік, жерлесіміз Данияр Елеусінов (5-0, 3 КО) те жартылай орта салмақта өнер көрсетеді. Кәсіпқой бокстағы дебютін былтыр сәуірде тойлаған Данияр биыл титулдық жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр.