Бір айға жуық уақыттан бері белсенді журналист Гүлбану Әбенова мемлекет үлкен үміт артып отырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының осы күнге дейінгі шығындарын зерттеп, миллиардттаған қаражатттың отандық медицина сапасын арттыруға қатысы жоқ қызметтерге шашылып жатқанын дәлелдейтін құжаттарды әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жайып салды. Әр постында Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментін, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевты тегтегенімен (белгілегенімен), ешқайсысынан мардымды жауап болған жоқ. Есесіне, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметшісі Ермек Боллтаев Қордың жұмысына шүйліккен Гүлбану Әбенованың үстінен сотқа арыз түсіріпті.
Бұл арызға дейін Гүлбану Әбенованың соқырға таяқ ұстатқандай деректеріне байланысты әлеуметтік желіде бірнеше рет екеудің арасындағы сөзталасқа куә болғанбыз. Бірі даттады, екіншісі ақталды, басқасы қостады. Ақыры бұл оқиға сотқа да жетті.
Енді дәл бүгін қоғамдағы белсенді азаматтардың біразынан барынша қолдау тауып, әсіресе, пандемия кезінде жұрттың жанына бататын тақырыпты қозғап отырған Гүлбану Әбенованың фактілеріне зер салып көрейік. Деректер Қордың, шынымен, осы уақыттың ішінде қыруар қаражатты жұмсап үлгіргендігін тәптіштеп берген.
Мәселен, 50 шақты адам ғана бас қосқан «Жаңа деңгейдегі медицинаға қарай жол» атты форум мен ютуб желісінен бар-жоғы 76 адам қараған Сақтандыру қорын насихаттайтын бейнероликке 33 миллион 839 мың 285 теңге жұмсалған. Бұл мемлекеттік тапсырысты тендер арқылы «Qazaqstan PR Agency» ЖШС ұтып алған екен. Ал білетіндер дәл мұндай іс-шараларды ұйымдастыруға кететін шығын негізінен 3 миллионның айналасында ғана болады дейді. Ол аз десеңіз, 2019 жылы пиар (PR) жасау жұмыстарын ұйымдастыруға 63 миллион теңге кеткен. Яғни, өзін насихаттау жұмыстарына. Қорды ақпараттық және имидждік сүйемелдеу қызметіне шамамен 57 миллион, интернет жеткізу қызметіне 52 млн теңге айналасында, байланысқа 70 млн ақша жұмсалған. Бұл деректер Мемлекеттік сатып алулар порталындағы Қордың құжаттарында тайға таңба басқандай жазылған. Келісімшартта көрсетілгендей, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының көліктері тұрақтайтын парктерге 2018 жылы бірінші мәрте 20 751 130 және екінші мәрте 13 082 836 теңге, 2019 жылы 15 609 403 теңге; 19 473440 теңге; 24 803 385 теңге және 2020 жылы 26 649 280 теңге төлеп шығындалған. Одан қалды, Қор ай сайын кеңсені жалға алу бойынша Nursaya Deluxe жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 3311 шаршы метрлік ғимарат үшін 21 миллион сомма төлеп келген. «Бас ғимараттағы 219 қызметкер үшін мұндай аумақ көптік етпей ме?» деген сауал қойып отыр Гүлбану Әбенова. Ең қызығы, осы айтып отырған ЖШС-ның меншік иесі 13 жасар Әмірхан Адырбек есімді бозбала боп шықты. Сонда кәмелеттік жасқа толмаған, жеке куәлік әлі қолына да жетпеген жасөспірімнің атына қалайша ЖШС-ны рәсімдеген? Ал биыл, осы айдың басында Қор тағы да ақпараттық және имидждік қызметке тендер жариялап, 57 млн теңгеге «Номад лидер» ЖШС-мен келісімшарт жасапты. Тендерда тұрған ақпараттық материалдар дайындау және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау қызметі 48 жарым миллиондай теңгеге бағаланған. Ондағы ішіндегі «басшыларға арналған суреттер» деген лотта 1 жарымдай миллион теңгеге бастықтарға арналған 45 тал сурет сатып алу жоспарланып отыр екен. Ал мамыр айында сыйымдылығы 38 гигабайттан (Гб) аспайтын 10 гигабайттық бір тал DDR4 жедел жады 1 479 642 теңге 86 тиынға сатып алыныпты. Сауда-саттық сайттарында мұндай жадылардың ең сапалысы дегені 190 мың теңгенің айналасында, тіпті, одан арзандауын да табуға болады. Бірақ дәл миллион жарым теңгеге жедел жады сатып алды дегенге сену қиын.
Майлы жілікке тап болған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамның басшысы Айбатыр Жұмағұлов қордың қаражатын жеке мүддесі үшін пайдалануы мүмкін деген де күдік туындап отыр. Оған оның әйелі, Хабар телеарнасының жүргізушісі Гүлбаршын Заированың инстаграм желісіне жарқыратып салатын шалқыған өмірі, келініне сыйлаған қымбат әшекей-бұйымдары себеп болып отыр.
Жалпы, Сақтандыру қорының ақшасы қалай және қайда жұмсалып отырғаны Гүлбану Әбенованы ғана емес, барлығымызды да алаңдатуы тиіс дүние. Өйткені сапалы медициналық көмек алуымыз үшін қорға салынатын ақша – сіз бен біздің ақшамыз. Айта кетейік, алғаш рет еліміздегі жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскердің жалақысынан 1 пайызын қорға 2017 жылы аудара бастаған. Бұл 1 пайыз былтыр – 2019 жылы 1,5 пайызға көтеріліп, 2020 жылы 2, 2022 жылы 3 пайызға өспек екен. Ескеретін жайт, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша берешек болып қалған жағдайда, ол сомманы өсіпұлымен қоса төлейді екенсің. Яғни, берешек болған әр күніне ақшаны қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлымен (пеня) бірге аударасың. Былтыр әр кешіктірген күн үшін төленетін бұл ставканың мөлшері 1,25 болған екен. Мысалы, айлығыңыз 150 мың теңге болса, қорға 30 күндік берешегіңізге тағы 16,41 теңге қосып ақша аударуыңыз керек болады.
Қазіргі таңда Қор өз алдына қойылған «халықты тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету; жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау; медициналық қызметтерді кепілдік пен теңгерімді сақтай отырып сатып алу» миссиясын дұрыс орындай алып жүр ме? Гүлбану Әбенова келтірген деректер қаншалықты шындыққа жанасады? Әліптің артын бағып көрейік.
Нұрай РАХЫМ