Әне-міне дегенше, жаздың алғашқы айын орталадық. Әдетте жыл сайын осындай кезде демалыс орнын іздеген халықта есеп болмайтын. Ал биыл туризм басқаша тыныстайтын секілді.
Пандемияға дейін туризм әлемдік экономикада аса жылдам дамып келе жатқан саланың бірі болатын. Пандемия кезінде бұл сала дағдарысқа ұшырап, шығынға батты. Мәселен, Еуропаның халықаралық туризм секторы 407 миллиард АҚШ доллар кірістен айырылып, осы саладағы 27 миллионнан астам адам жұмыссыз қалды.
Бұл күнде әлемге әйгілі туристік орындардың 96 пайызы жабылған. Ал дүниежүзілік туризм ұйымы саяхатшылардың саны 80 пайызға дейін азаятынын айтты. Туризм саласында миллиондаған адам жұмыссыз қалды, табыс көзінен айырылды. Әлемдегі бұл ахуал Қазақстанды да айналып өтпеді.
Карантин шектеулерінің енгізілуіне байланысты шағын және орта бизнесті қолдау шаралары негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм қызметі субъектілеріне көмектесуді тапсырған болатын.
Сондай-ақ ішкі туризмді қолдау негізінде 14 жасқа дейінгі балалар Қазақстан ішінде ұшақпен тегін ұшуға мүмкіндік алды. Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбековтің айтуынша, ата-аналарымен бірге ел ішінде саяхаттайтын 14 жасқа дейінгі және 14 жасқа толған балалар ұшақпен тегін қатынай алады. Мұндай жеңілдік тек қазақстандықтарға қатысты. Комитеттің мұндай шешімі, әсіресе балаларымен бірге демалысқа баратын ата-аналарға әжептәуір жеңілдік болмақ.
2020 жылғы 17 сәуірден бастап Үкімет Қазақстанға виза арқылы ғана кіре алатын 50-ден астам елді бекітті. Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстанда Қазақстан секілді визалық режим жоқ. Тек қазір карантин кезінде шетелдік туристерге кіруге шектеу бар. Визалық режимге қоса індетке байланысты жарияланған шектеу шаралары онсыз да ақсап тұрған туризм саласы үшін жығылғанға жұдырық болғаны анық. Бірақ бір нәрсе анық – қазақстандық туристердің биыл елімізде демалғаннан өзге амалы жоқ.
Мамандар халықтың үй жағдайында көп уақыт отыруы туризмнің дамуына оң әсерін тигізуі мүмкін деп болжап отыр. Шетелге шыға алмайтын қазақстандықтар ішкі туризмді дамытуға үлес қосады. Одан бөлек, той бизнесінің тоқтауы да қазақстандық отбасылардың біраз шығынын азайтқаны даусыз. Былай қарасаңыз, тойдан үнемдеген қаржысын жаздық демалысқа жұмсау – ақылға қонымды іс. Алайда теңге бағамының өзгеруі мен екі айға жуық уақыт табыс көзінен айырылу тұрғындарды демалысқа кететін шығындарды қысқартуға мәжбүр етуі де мүмкін. Өйткені біздің елде демалу бұрыннан қымбат. Содан болар, «Ішкі туризмнің сапасына неге көңіліңіз толмайды?» деген сұраққа әлі күнге дейін «бағасы қымбат» деген жауап береміз. Бурабайда демалғаннан Анталияға барған арзанға түседі деушілер де бар. Бұл сөздің де жаны бар. Отандық демалыс орындарына шамамен 7-10 күнге кем дегенде 250-350 мың теңге жұмсайсыз. Бару-келу ұшақ билетін алдын ала алсаңыз, осы сомаға түрік елінде де демала аласыз. Ал елімізде демалушыларға ұсынылатын қызмет түрлерінің сапасы жолға қойылмағанын ескерсек, отандастарымыздың шетел асып демалуын түсінуге болатындай.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Өркен Бисақаевтың айтуынша, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында үш жұлдызды қонақ үйде таңғы ас қамтылған стандартты нөмірде жазғы кезде демалу құны бір ересек адамға 10 мың теңгеден 30 мың теңге аралығында. Сарыағаш курорттық аймағында стандартты нөмірде тұру бағасы 11-15 мың аралығында болса, Алакөл жағалауында пансионы толыққанды демалыс базаларында бір нөмірдің құны 10-12 мың теңге аралығында.
Жалпы, жоғарыда аталған орташа бағалардан екі есе арзан немесе үш есе қымбат демалыс орындарын да табуға болады. Бұл туристің қалауы мен қалтасына байланысты нәрсе.
Десе де, елімізде шипажайлар арасында сауатты бәсекелестіктің болмауы бағаның шарықтауына алып келіп отыр. Маусымдық кезеңде 2-3 ай ғана жұмыс істеп, 1 жылдың пайдасын тапқысы келетін кәсіпкерлер де кездеседі. Мұндай жағдайда кәсіпкер мен қарапайым халыққа инвесторлар көмекке келуі тиіс.
Қоғам белсенділері тарапынан да жыл сайын отандық туризмді дамыту бойынша ұсыныстар айтылады. Тіпті, кезінде жол бойындағы әжетханалар үлкен әңгіме болған еді. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде неміс технологиясымен мың дәретхана салынатынын, оған қажетті қаржы есептеліп жатқанын және 2025 жылға қарай елімізде бұл мәселе толығымен шешілетінін айтқан болатын. Автожолдар бойына санитарлық тораптарды орнатып қоюмен іс бітпейді, бұл ары қарай оның тазалығы мен жөндеу жұмыстарын да өз деңгейінде жалғастыру керек деген сөз.
Реті келгенде айта кетуіміз керек, елімізде туризмді тұралататын тағы бір кедергі бар. Ол – жол сапасы. Әсіресе, Алакөлге барар жолдың жырын айтып шағымданатындар көп. «Жол азабын тарқан білер» дегендей, демалыстың рахатынан машақатының көп екенін ең алдымен қарапайым халық сезінеді. Десе де, көп ұзамай жол мәселесі де өз шешімін табар деген үміт басым.
Әсел КЕРІМБАЙ, кәсіпкер:
Алакөлдің демалыс маусымы – 45-ақ күн
– Алакөлдегі «Шипа су» демалыс үйі биыл туристерге ұсынатын қызмет құнына 1 000 теңге қостық. Олай етпеске болмады, карантиннен соң азық-түлік бағасы өсіп кетті. Қызмет құнын көтермесек, өз шығынымызды ақтай алмаймыз. Біздегі демалыс құны 1 адамға 3 мезгіл тамағын қосып есептегенде 5-13 мың теңге аралығында. Мұндай ақшаға сіз үлкен қалада жүріп 3 рет тамақтана алмайсыз. Ал біз осы сомадан қызметкерлердің жалақысын төлеп, келушілерді 3 мезгіл тамақтандырып, қызмет көрсетіп, көңіл көтеру шараларын жасауымыз керек.
Елімізде туризмнің тұралауына бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте бізді шетелмен салыстырады. Мәселен, сервистің жоғары түрі Түркияда, Таиландта, Египетте бар, Қазақстанда жоқ деп жатады. Бірақ 1878 жылы АҚШ үкіметі Түркияға инвестор болып, алғашқы туристік қызмет көрсету мамандарын даярлайтын оқу орнын салғанда, біз жоңғарлармен соғысып, киіз үйде тұрып жатқанымызды еске алмайды. Бұл жағдай түріктерге мемлекеттік деңгейде үлкен инфрақұрылым алып келгендіктен, олардың қызмет көрсету контингенті бүкіл әлемді қамтиды.
Екіншіден, Алакөл еліміз бойынша жағажайлық демалыстар ішінде көшбасшысы болғанымен, біз аз ғана топқа қызмет көрсетеміз. Қазақстанмен қатар Ресейдің аздаған туристерін қабылдаймыз. Өйткені Алакөлдің шетелдегі жарнамасы аз, ал Қазақстанда тіпті Алакөлді әлі білмейтіндер бар.
Үшіншіден, бізде ең басты мәселе – маусым өте қысқа, бар болғаны 45-ақ күн. Ары кетсе 2 ай өндіре жұмыс істейміз, қалған уақытта бірен-саран адам келеді. Біздің жақтың жазы ыстық, қысы суық келеді. Сол себепті әр жыл сайын жаңадан бизнес ашқандай дайындық жұмыстары жүреді. Өйткені әдемі жасап қойған ғимараттарыңыз қыста желден, суықтан тоз-тозы шығады. Маусым басталғанға дейін қайтадан жөндеуге тура келеді. Бұл – қосымша шығын. Сонымен қатар екі-ақ ай маусымдық уақытқа кәсіби, біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істеуге келмейді. Ешқандай маман екі айлық жұмысқа бола өзінің он ай бойы істеген тұрақты жұмысын тастап кетпейді. Келген күннің өзінде, аспандағы бағаны сұрайды.
Кез келген турист қай жерде демалатынын өзі шешеді. Бірақ бір нәрсе анық. Қазақстандық турист шетелде демалса, ол сол елді дамытады, экономикасына инвестиция салады және сол халықты байытады. Алакөлдің шығыс бөлігі жаз маусымында 50 мың адам жұмыс қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, әрбір турист Алакөлге келу арқылы 50 мың адамның жыл бойы дұрыс өмір сүріп, өзін-өзі асырауына көмектесіп отыр.
Динара БОЛАТ, журналист, психолог, блогер:
Біздің елде қонақүй таңдау мүмкіндігі аз
– Жақында Көлсай, Қайыңдыға барып қайттым. Қарасаң сұлулығына көзің тояды. Табиғаты көркем, барып көруге тұрарлық жер. Көлсай туризмінің қарқынды дамығанына 3-4 жылдың шамасы болды. Бұл жерлерге шетелден жабайы саяхатты ұнататын туристер келеді екен. Туристерді Алматыдан шығатын арнайы туроператорлар апаратынын көріп қуанып қалдым. Одан бөлек сол аймақтағы халық жол талғамайтын көлікпен отбасымен, достарымен жиналып, табиғат аясына саяхатқа шығады екен. Бұл да туризм мәдениетінің дамып келе жатқанын көрсетеді.
Қайыңды мен Көлсай маңындағы Қарабұлақ, Саты ауылдарының жергілікті тұрғындары туристерге қызмет көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындары туристерге жатар орынға өздерінің баспанасын ұсынады және тамағын дайындап береді. Дегенмен қызмет көрсету сапасы мен туристерге жасалып жатқан жағдай төмендеу. Мен өз елімізде ылғи барған жерімде «Мені қалай қарсы алады екен?» деп шетелдік саяхатшының көзімен қараймын. Себебі мен де шетелге саяхаттағанда ұнайтын жерін байқап, ұнамайтын жерін сынап жүремін. Сол секілді шетелдік туристердің көзімен қарап, көрші Өзбекстанмен, таулы аймақтағы Грузиямен салыстыра отырып, Қайыңды мен Көлсайдың айналасындағы жағдайдың төмендеу екенін байқадым.
Саты мен Қарабұлаққа дейін жол бар, ар жағына жету қиын екен. Дегенмен тұрғындар туристерді ары қарай УАЗ көліктеріне салып алып немесе атқа мінгізіп тасып жатыр. Жергілікті халық үшін бұл да кәсіптің бір түрі. Бірақ шетелдік туристер тұрмақ, қазақтың өзі жағдайды, жайлылықты жақсы көреді. Сондықтан бұл жерлерге әлі де біраз өзгерістер керек.