ҚАРАТАУ МЕКТЕБІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ТӨРІНДЕ!

160

Қаратау мектебінің өнерпаздары үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Олар Қазақстанның атынан Ташкент қаласында өтіп жатқан Түркі халықтарының “Достық” фестиваліне қатысуда. Бұл фестивальде Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан сияқты түркі тілдес елдердің ең үздік өнер ұжымдары қатысып жатыр. Бұл фестивальдің маңызы зор, себебі ол Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 120 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан халықаралық мәдени шаралардың бірі болып табылады.

Қаратау мектебінің өнерпаздарына үлкен қолдау көрсеткен үшін ҚР Кәсіподақтар федерациясына және Шымкент қалалық кәсіподағының төрағасы, ұлттық өнер жанашыры Бауыржан Әлтеев мырзаға ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұл қолдау бізге ғана емес, тұтас мәдениетімізге және дәстүрлі өнерімізге деген құрметтің белгісі болып табылады.

Біз, қаратаулық өнерпаздар, Ташкенттің төрінде өнер көрсеткенде, тек өнерімізді ғана емес, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды да танытуға үлкен жауапкершілікпен барғанымызды сезіндік. Басқа елдер өздерінің ұлттық театрлары мен үлкен өнер ұжымдарымен келсе, біз бір ғана Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің өнерпаздарынан тұратын топпен шықтық. Бұл дегеніміз — біздің Қаратау мектебіміз тек жергілікті деңгейде емес, республика деңгейінде мойындалып, елдің атынан шетелдерге ұялмай шығуға дайын өнер ұжымы екенін көрсетеді.

Фестивальдің ұйымдастырылу деңгейі жоғары болды. Үш күндік іс-шара барысында біз көптеген түркі тілдес халықтардың өнер ұжымдарымен танысып, араласып, үлкен тәжірибе алмасып, жаңа достар таптық. Бұл біздің өнерімізді одан әрі дамытуға үлкен ықпал ететін тәжірибе болды. Фестиваль шын мәнінде үлкен мектепке айналды.

Өзбек ағайындар бұл фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастырып жатыр. Әрбір сәті өте жақсы ойластырылып, барлық қатысушыларға ыңғайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, бізге арнайы экскурсиялар ұйымдастырылды, түрлі кездесулер өткізілді, әр халықтың Тәшкенттегі “Ұлттық мәдени орталықтарының” жұмысымен танысудың да ерекше маңызы болды. Өнер, мәдениет және дәстүрлер арқылы түркі халықтары арасындағы байланысты нығайтуға зор ықпал етті. Қонақ күту қызметі де өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді. Өзбекстанның Қазақстанға деген құрметі мен жоралғысы бізге ерекше әсер етті. Өзге елдермен салыстырғанда, бұл құрмет ерекше артық болып көрінді.

Фестиваль әлі жалғасуда. Алдағы уақытта түркі халықтарының татулығы мен бірлігі артып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық пен достық одан әрі нығая берсін!

Б.Байтуов, Шымкент қаласы, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры.