2025 жыл – Қазақстан кәсіподақтары үшін ерекше жыл. Бұл – Жұмысшы мамандығы жылы, бұл – еңбек адамының мерейі мен мәртебесі биіктейтін кезең. Жұмысшы – зауытта, құрылыста, егістікте, балабақша мен ауруханада – қай салада еңбек етпесін, қоғамның тіршілігі дәл осы қарапайым мамандардың маңдай теріне байланған.
Осы жылы Астанада өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі – еңбек қозғалысы тарихындағы шын мәніндегі тарихи белес болды. Елдің түкпір-түкпірінен келген 227 делегаттың қатысуымен өткен бұл алқалы жиында 2020–2025 жылдар аралығындағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жаңа 2025–2030 жылдарға арналған стратегия бекітілді. Ең бастысы – Сатыбалды Даулеталин делегаттардың бірауыздан қолдауымен ҚРКФ Төрағасы болып қайта сайланды.
Съездің әрбір шешімі – еңбек адамына жақын, нақты, шынайы. Құжаттарда құрғақ сөз емес, қоғамдағы әділеттілік пен әлеуметтік диалогты шынайы дамытуға бағытталған нақты іс-шаралар көрсетілген. Бұл – біз үшін бағдар, болашаққа сенім.
«Жұмысшы мамандығы жылы» – жай ғана атаулы жыл емес. Бұл – еңбекті дәріптеу, кәсіптік білім мен өндірістік кадрларға жаңа көзқарас қалыптастыру, жұмысшы жастарға мүмкіндік беру жылы. Шымкент қаласында біз осы бағытта бірнеше бастамаларды қолға алып отырмыз:
– өндіріс орындарымен бірлескен кездесулер,
– еңбек ардагерлерімен сұхбат алаңдары,
– жұмысшы жастардың пікірсайыс клубтары мен «Еңбек адамы – мақтанышым» байқаулары.
Кәсіподақтардың маңыздылығы тек еңбек дауын шешу немесе құқық қорғаумен шектелмейді. Бүгінде ол – қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттіліктің тірегі, адам мен мемлекет арасындағы көпір. XXVII съезде халықаралық ұйымдардың өкілдері – Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы, Бүкілеуропалық кеңес – сөз сөйлеп, қазақстандық кәсіподақ қозғалысының заманауи бағыттағы қарқынды дамуын жоғары бағалады.
Мен, Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы ретінде, осы жауапты кезеңде әріптестеріммен бірге бір мақсатқа – еңбек адамының мүддесін қорғауға, бейбіт еңбекпен берекелі өмір құруға қызмет етемін. Бұл – менің таңдауым ғана емес, өмірлік ұстанымым.
Қадірлі еңбеккер бауырлар!
Бұл жыл – Сіздердің жылыңыз!
Қоғам сіздің еңбегіңізді көруге, бағалауға, құрметтеуге тиіс. Біз сол үшін еңбек етеміз.
Бауыржан Әлтеев, Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы