«АРДАГЕРЛЕР ӨСИЕТІ» МАРАФОНЫ: ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ ЭСТАФЕТАНЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНА ЖОЛДАДЫ

41
«Ардагерлер өсиеті» республикалық марафоны аясында Шымкент қаласының жастары мен ардагерлері Түркістан облысынан жеткізілген «Өсиет хатты» салтанатты түрде қабылдап, Жамбыл облысына ресми түрде табыстады.
Іс-шара Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғарбек Үсіпахметов, қала жастары, сарбаздар мен ардагерлер қатысты.
Аталған марафон — соғыс және еңбек ардагерлерінің ерлігін дәріптеп, жас буын арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Салтанатты жиын барысында «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Аружан Русланқызы құттықтау сөз сөйлеп, марафонның тәрбиелік және идеологиялық маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ардагер Абдумалик Маханбетов жастарға ізгі тілегін білдіріп, ел болашағына сенім артты.
Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов өз сөзінде жастар тәрбиесінде тарихи сабақтастық пен ұрпақтар арасындағы байланыстың маңызын атап өтті.
Іс-шара аясында мәңгілік алауға гүл қою рәсімі ұйымдастырылып, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Салтанатты қабылдау рәсімінен кейін «Өсиет хат» Шымкент жастарының қатысуымен Жамбыл облысына жолданды.
Шымкент жастарынан Жамбыл облысына жолданған «Өсиет хат» мәртебелі эстафета ретінде тағы бір маңызды кезеңге қадам басып, еліміздің тарихы мен болашағына деген жауапкершілікті сезінудің ерекше үлгісі болып қала берді. Бұл марафонның аясында жастар мен ардагерлер арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие мен ұлт тарихының маңыздылығын тереңірек ұғындыру көзделген.
Түркістан облысынан бастау алған бұл шараның жалғасы мен нәтижелері алдағы уақытта еліміздің әрбір өңірінде ізгілік пен бірліктің нышаны болатынына сеніміміз мол. Сонымен қатар, «Ардагерлер өсиеті» марафоны Қазақстанның әрбір азаматында ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын терең түсіндіруге септігін тигізетін тәрбие алаңына айналады деп сенеміз.