ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА НАҚТЫ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛДІ

1235
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев «Nur Otan» партиясының филиалында кезекті қоғамдық қабылдауын өткізді. Қабылдауға бірнеше тұрғын қатысып, инфрақұрылым, әлеуметтік жағдай және өзге де мәселелерді қозғады. Қабылдау барысы нәтижесінде нақты мәселелер шешімін тапты.
Қазығұрт елді мекені, Темірлан көшесі №16в үйдің тұрғыны, көпбалалы ана үйіне электр қуаты мен «көгілдір отын» кіргізе алмай, жылдар бойы сандалғандығын айтып, көмек көрсетілуін өтінген болатын. Тұрғынның өтінішін тыңдаған аудан әкімі Арман Абдуллаев аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Т.Абдакимовке нақты тапсырма берді. Нәтижесінде бөлім басшысы өтініш иесінің үйіне барып, жағдайымен танысты. Тұрғынның үйіне демеушілер есебінен 3 дана электр бағанасы және 200 метр электр желісі тартылып, электр есептегіш құралдары орнатылды. Ары қарай электр жарығын қосу, құжаттарын реттеу жұмыстары «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не өтініш беру арқылы жүзеге асырылатындығы айтылды.
Сонымен қатар газ кіргізу бойынша өтініші де қаралды. Бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін таппақ. Қазіргі таңда Қазығұрт елді мекеніне табиғи газ тарататын «Ленинское» газ бөлу станциясының жүктемесі ауыр. Тұрғындарды толық қамти алмау қаупі туындап келеді. Сондықтан бюджеттен қаржы бөлініп, «Ленинское» газ бөлу станциясы мен «Қақпақ» автоматты газ тарату станциясының арасына жеткізуші газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Ол 2022 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі