Дос Көшім. Сын көтермейтін екі «дәлел»

1115
«Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашов ініміз елдің атын өзгерту қажеттігін айтып, «қазақ» деген сөзге қыржиып қалатын адамдарды бір қорқытып, ауыздарына келген сөздерін айтқызып, қызыққа бір батырып еді, «осы әңгіме бітті ме» деп, төсекке қисая бергеніміздегенде, Сенаттың төрағасы да қарап қалмайын деп, өзінің пікірін білдіріпті.  Шынымды айтсам, «қазақ» деген сөзден ат тондарын алып қашатын қауымның негізсіз, дәлелсіз айтқан пікірлерінен шаршаған қауым үшін Қасымжомарттың (қазақ тілінің заңдылығына сай бұл кісінің аты осылай жазылады) салмақты, деректі, салиқалы пікірі ауадай қажет болатын. Көзқарасың үйлеспесе де, ақылды адаммен пікір жарыстыру, оның дәлелдерін салмақтау ғанибет емес пе?
Алайда, Сенат төрағасының пікірін оқып, қарным ашып қалды. Ол «Мемлекет атауы Қазақстан Республикасы болып қалуы тиіс. Қыруар халықаралық келісімдерді біздің президентіміз Қазақстан Республикасы атынан бақылдады. Бізде мемлекет атауын өзгертуден басқа да мәселе жетерлік» деген пікір айтыпты.  Үш сөйлемнің біріншісі көзқарас тұжырымы болса, екіншісі мен үшінші сөйлемдерін – Қазақстан билігіндегі екінші орындағы адамның, тәжірибелі дипломат пен тәуелсіз Қазақ елінің мемлекет қайраткерінің БҰЛТАРТПАС ДӘЛЕЛІ деп түсінеміз.
Меніңше, бұл екі «дәлелді» біздер осы тәуелсіздік жылдары жетерліктей естідік. «Бұрын осындай болып едік, енді оны өзгертуіміз қалай болар екен» деген көрпе астындағы күңкіл 90-жылдары Тәуелсіздік үшін күрес кезінде, Кеңес өкіметін сақтап қалуға талаптанушылар тарапынан да сан рет айтылған. Шынында да,  мыңдаған Халықаралық келісімдерді Кеңес өкіметінің атынан жасап едік, оны өзгертудің қандай қажеті бар? Тағы бір сан мыңдаған келісім мен құжаттарды «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» атынан жасап, Саясибюроның шешімімен компартияның атынан қол қойған жоқпыз ба? «Совет» те келмеске кетті, «Социализмнің» де алдамшы сөз екені белгілі болды, сонда «Қазақ республикасы» деген атаудың қалуы заңға да, ақылға да сиымды емес пе? Бірақ «қанша келісімді бақылдаған» ҚССР-дің атын да өзгерттік қой, Қасымжомарт мырза! (Тәуелсіздік үшін күреспеген, тәуелсіздіктің не үшін қажет екенін білмеген жандарға қор болған қайран сөзім…). Сол уақыттағы халықтың келісімінсіз, саяси мақсатта қабылданған республика атауын өзгертетін уақыт келсе, оған қарсы шығу – тәуелсіздігімізге қарсы шығу болып табылады. Біз тәуелсіздікті өзіміздің мақсат-мүддемізді, ешкімге жалтақтамай, заңға айналдыру үшін алдық. Әлде Сіз елдің аты өзгертілсе, Президентіміз қол қойған құжаттар мен келісімдер күшін жояды деп ойлайсыз ба? Шынымды айтсам, Сізден бұндай сауатсыздықты күткен жоқпын. Әрине, мен дипломат емеспін, бірақ тарихта белгілі бір жағдайларға байланысты аттарын өзгерткен елдердің бар екендігін және олардың бұрынғы қол қойған келісімдерінің сол қалпында сақталғанын жақсы білемін. Сіздің дәлеліңіз, сыпайылап айтқанда, халыққа жалған мәлімет беру сияқты болып көрінеді.
Екінші дәлеліңіз де сын көтермейді. Бұл – қазақ елі билігінің 28 жыл бойы айтып келе жатқан «старый дәлелі». Елді мекендердің аттарын ауыстыру керек деген, немесе оралмандарға жағдай жасау керек деген, не қазақ тіліне қажеттілік туғызатын заң қабылдайық  деген сияқты ұлттық мәселеге қатысты сөз көтерілсе, билік те, «қазақ ұлтына» қарсы қауым да «неге осы мәселені көтер бересіңдер, басқа мәселе жетерлік қой, жолдың жағдайы — анау, денсаулық саласы – мынау, одан да көп балалы аналардың жағдайын көтермейсіңдер ме?» деп елдегі бітпей жатқан барлық мәселені алға шығарады. Қысқасы, «бізге  …. басқа мәселе де жетерлік» деген сөз – ұлттық мәселе көтерілгенде ғана айтылатын «әмбебап дәлел». Егер мемлекеттің азаматтарын Осы мәселе толғандырса, неліктен біз «басқа мәселелерді» көтеруіміз керек, Қасымжомарт мырза? Қазақстан Конституциясына тағы бір қарап алыңыз – біздер демократиялық елміз, сондықтан біздің елдің азаматтары өздеріне қажет деп тапқан кез келген мәселелерді көтере алады. Ал Қазақ елі Парламентінің міндеті — халықтың күн тәртібіне қойған сұрақтарын талдап, талқылап, соған лайықты заңдар қабылдау.
Дәлелсіз сөйлеу, пікір білдіру – тек биліктің көзқарасын қолдау, қорғаштау ғана емес, кейде өзіңді ыңғайсыз жағдайға қалдырудың да көрінісі болуы мүмкін.
Бірде, солтүстік облыстардың бірінде сапарлап жүргенде, көшеде «Ғасырлар бойы аңсаған Қазақстан мемлекетін құрдық!» деген сала құлаш бильбордты көзім шалып қалды. Не деген ақымақтық! Қазақтар сан ғасырлар бойы Қазақтың өз елі, өзінің мемлекеті болсын деп армандады емес пе! Қазір соның күні туды. Оны халық түсінді, бірақ ел басшылары түсінер емес. Осындай жағдайларда ғана Конституциямыздағы «биліктің қайнар көзі – халық» деген сөздің неге жазылғанын  түсініп, сол жолдарды жазған азаматтардың көрегендігіне риза боласың!
дереккөз:abai.kz