Қазақстандағы адам саудасы: зардап шеккендерді қалай алдайды?

1477

Адам саудасы — ақша айналымы үлкен заңсыз бизнес. Мұның басында тұрғандар өз «ісін» барынша сақтап қалуға тырысады. Қазақстанда да адам саудасымен айналысатындар бар. Және кез келген қазақстандықта өзге елден бұрын, өз елінде құлдыққа жегілу ықтималдығы жоғары. Қазақстанда кімдер адам саудасы құрбаны болып жатыр? Одан сақтанудың қандай жолдары бар? Осы сауалдарға жауап іздейміз.

Қазақстандағы адам саудасы жағдайы қандай?

2004 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанда негізінен 18-25 аралығындағы және 30 жастан асқан ерлер мен әйелдер (677 және 634 адам) саудаланған. Біздің елде құрбандар көбінесе еңбек қанауына және сексуал қанауға ұшырайды.

2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда адам саудасы үшін жаза күшейтілді. Бұрын бұл қылмысты жасағандар кемінде 3 жылға сотталатын, енді ол 4 жылға артты. Ең ұзақ мерзім өзгеріссіз қалды, бұл – 15 жыл бас бостандығынан айыру.

Адам саудасының мынадай түрлері бар:

  • сексуал қанау,
  • мәжбүрлі еңбекке тарту,
  • қылмыстық қанау,
  • қарызы үшін кіріптар ету,
  • бала еңбегін қанау,
  • үйде құлдықта ұстау,
  • қайыршы болуға мәжбүрлеу,
  • қарулы құралымдарда адамдарды күштеп пайдалану,
  • балаларды асырап алушыларға сату,
  • органдар мен тіндерді трансплантациялау үшін адам саудалау.

2020 жылғы Қазақстандағы адам саудасы есебі бойынша, кейінгі 5 жылда Қазақстанда адам саудасымен ел азаматтары да, шетелдіктер де айналысқан. Отандастырымыз шетелде де саудаға түскен, алайда ел ішінде сатылып кеткендер саны көбірек.

“Саудагерлер” ауылды аймақ тұрғындарына қаладан жақсы жұмыс тауып беруге уәде беріп, алдайды.

Адам саудасымен айналысатындар Қазақстан тұрғындарын негізінен Ресейде, одан кейін Бахрейнде, Бразилияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Корея Республикасы мен Түркияда мәжбүрлі еңбекке тартады. Адам саудагерлері қазақстандық әйелдер мен қыздарды Таяу Шығыста, Еуропада, Шығыс Азияда және АҚШ-та сексуал қанау мақсатында пайдаланады. Қазақстанда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның көрші елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның ауылды жерлерінен әкелінген әйелдер мен қыздар коммерциялық сексуал қанауға ұшырайды.

Көп жағдайда “саудагерлер” қыздар мен әйелдерге үлкен қалаларда даяшы, модель немесе бала күтуші ретінде жұмыс істеуді ұсынады. Балаларды қайыр сұрауға мәжбүр етеді. Сондай-ақ ересектер мен балаларды қылмыстық әрекетке мәжбүрлеуі мүмкін. Ауылды жердегі көптеген қазақстандық Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Атыраудың салыстырмалы түрде алғанда жоғары деңгейдегі экономикалық әл-ауқатына қызығады, мегаполиске барғысы келеді. Осы жолда кейбірі еңбек және сексуал қанау мақсатында адам саудасының құрбаны болады. Кейде “саудагерлер” Қазақстандағы құрбандардың досы немесе танысы бола отырып, оларды алаяқтық әрекеттер мен алдау арқылы азғырады.

Адам саудагерлері Орталық Азия елдерінің азаматтарын, соның ішінде Өзбекстан ерлері мен әйелдерін Қазақстанда үй жұмысшысы ретінде, құрылыста, базарларда және ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге тартады немесе мәжбүрлейді. 2014 жылдан бастап Ресей Өзбекстаннан бір миллионға жуық мигранттың елге қайта баруына тыйым салды, сондықтан олардың көпшілігі Қазақстанда уақытша жұмыс істеуге және тұруға рұқсат сұрайды. Осылайша, кейбіріне адам саудасы құрбаны болу қаупі төнуі мүмкін.

Адам саудасы құрбаны болудан қалай сақтануға болады?

Адам құлдыққа әртүрлі жолмен түседі. Негізі, жақсы жалақы, жайлы өмір сүру жағдайы бар жұмыс ұсынып, көндіреді. Болмаса, некеге тұру немесе шетелде жоғары білім алу деген сияқты ұсыныстармен қызықтырады.

Иллюстрация: Dribbble.com/©Grace Molteni

Egov.kz азаматтарға арналған үкімет порталы адам саудасы құрбаны болудан қалай сақтануға қатысты мынадай кеңес ұсынады:

  • Шетелде (немесе Қазақстанның басқа қаласында) жұмыс істеуді ұсынып отырған агенттіктің заңды екеніне, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген лицензиясының бар екеніне көз жеткізіңіз.
  • Шетелге (немесе Қазақстандағы басқа қалаға) жұмысқа бармас бұрын жұмысқа орналасу туралы келісімшарт жасасыңыз. Ұсынылған келісімшартты мұқият оқып шығыңыз, түпнұсқалардың бірі қолыңызда қалуы керек. Шетелге жіберіп жатқан фирмада жұмыс істемейтін, бейтарап адвокатпен кеңесіңіз. Келісімшартта жұмыстың өзі, ол елде тұру, еңбекақы және медициналық сақтандыру шарттары қарастырылуы керек.
  • Жұмыс визасын алыңыз, туристік виза жұмыс істеуге құқық бермейді. Баратын еліңіздің елшілігінен сол мемлекетте осы жұмыс түріне жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы сұрап хат жазыңыз, қоңырау шалыңыз.
  • Медициналық сақтандыру рәсімдеңіз.
  • Барлық құжатыңыздың, визаңыздың, төлқұжатыңыздың кем дегенде екі данасын жасаңыз, бір данасы жаныңызда болсын, екіншісін отбасыңызға қалдырыңыз. Бұл қолыңыздан құжатыңызды тартып алған немесе құжаттарыңызды жоғалтқан жағдайда керек.
  • Туыстарыңызға қайда және кіммен бара жатқаныңызды айтыңыз, телефон нөмірлеріңізді, тұрғылықты мекенжайыңызды қалдырыңыз. Белгілі бір уақытта үйдегілерге қоңырау шалмасаңыз, бұл сізге қауіп төніп тұрғанын білдіретінін отбасыңызға айтып, келісіп кетіңіз.
  • Шетелген шықпас бұрын сол елде сізге көмектесе алатын ұйымдардың мекенжайы мен телефон нөмірлерін біліп алыңыз. Бұл – Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері, үкіметтік емес ұйымдар, сол елдегі көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым кеңселері.
  • Баратын елдің тілін біліңіз, істейтін жұмысыңыз мамандығыңыз сәйкес пе, бұл жұмысқа біліктілігіңіз жете ме – осындай деректерді анықтап алыңыз.
  • “Құл саудасы” құрығына түсіп қалсаңыз, бірақ қашып кетсеңіз, өз еліңіздің консулдығынан немесе басқа мекемеден көмек сұраңыз.