Шыңғыс Мұқан: Наурызға әкімдік бір тиын төлеген жоқ

1486

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қала бюджетінен Наурыз мерекесін тойлауға қанша қаржы қарастырылғаны туралы жазды.  

«…Наурызға қанша ақша қаралды? Жалпы, мәдениетке қанша ақша қаралдыдан бастайықшы. 3 млрд. теңгеден сәл-ақ асады. Былтыр Шымкент қаласының бюджеті 456 млрд. теңге болса, мәдениетке бөлінген қаржы 1%-ға да жетпейді екен.

Содан кейін қайдағы креатив экономика! Қайдағы мәдениет!

Ал енді ол қаржыға 2 мыңға жуық қызметкер айлық алып отырған 19 мекеме бар.

Іс-шара өткізуге жылда 600 млн. тг қаржы қаралады. Былтыр да, биыл да, арғы жылы да солай.

Өткен сессияда 572 млн. тг қаралды. Оны Наурызға сонша ақша жұмсалды деп алақашты дүрмекке ілескендер! Бірі білмей шапқыласа, біреулер әдейі маздатады.

Шыны керек, ол ақша әлі Мәдениет басқармасының есеп-шотына түскен жоқ. Күні бүгін Наурызға әкімдік бір тиын төлеген жоқ. Наурыз аясында өткен іс-шараларды ұйымдастырушылар өз қаражатына жасады. Ертең, сәуір айында әр мекеме тиынына да дейін санап, құжаттарын тапсырады. Аса ұқыптылықпен қабылдап аламыз. Ешкімнің екі басы жоқ. Сосын қаншама тексеріледі. Бюджеттің ақшасы ойнайтын зат емес.

Сонымен, Наурыз мерекесі аясында 103 іс-шара өтті. Наурызға 213 млн. тг қаралды, бірақ әлі төленген жоқ. Ертең құжаттарымен қабылдап алғанда әлі де нақтыланады.

Ал енді осы ақша желге ұшты ма? Жоқ, әрине. Мәдени іс-шараларға қатысушыларға айлық болды, конкурстардың жеңімпаздарына сыйлық болды, әйтеуір қаланың экономикасына қайта құйылды.

Осы жерде кейбір азаматтарға қарның ашады. Кәдімгі ақыл тоқтатқан азаматтар істің байыбына бармай, айқайға айтақ қосып жатқаны таңқалдырды. Ноам Хомскийдің «көпшіліктің санасын манипуляцилау теориясы» іс жүзінде көрініс тауып, манипуляторлардың құрығына ілініп қалып жатты. Біреулер белгілі бір жымысқы мақсатын орындау үшін тасадан тас атса, екінші біреулер (арасында өзім танитын тұлғалы азаматтар да бар) босқа шапты. Ақпараттық лас технологияларды қолданып жүріп өздері де кірледі. Бірақ мың алғыс! Әр нәрсенің қайыры бар. Өстіп жүріп біздің Наурыз жобамыздың, Шымкенттен басталатын наурызымыздың даңқ-дақпыртын асырды. Ел хабарланды.

Айтпақшы, осы Наурызда бүкіл қазақ еліне «Наурыз Шымкенттен басталады» деп шақырдық. Қалың бұқараны магнитше тартатын жыл сайынғы дәстүрлі символдық шара болды.

Халық келді. Келгенде қандай! Әдетте мереке-демалыстарда 30-40% әрең толатын қонақүйлер 80-100% толды. Әйтпесе, Шымкенттің қонақүйлерінде 7 мыңнан астам төсекорын бар.

Өзіме де талай адам хабарласты. Орын тауып бере алмадым. Бірнеше танысым үйіме қонып кетті. Бірер күнге жалға алуға пәтер де табылмады. Мен деген мейрамханаларда да орын болмады. Шымкенттегі Наурызға шамамен 30-50 мың адам келді. Тек қонақүйлердің мүмкіндігін есептегенде. Ағайын-тумасына қонып, пәтер жалдағандарды есепке де алмадық.

Жалпы, Наурыздың экономикалық әсері 1 млрд теңгеден асты.

Енді кеше маған рестораторлар мен бірер қонақүйдің басшылары шықты. Келер жылы Наурызды осы форматта жалғастыруымызды сұрайды. Одан бөлек әр мезгілде бірегей көрмелер мен фестивалдер өткізіп тұруды өтінеді. Бұл әлі игілік пен табыстың басы. Әбден айналыс алғанда шымкенттіктердің наурызға сай инфрақұрылымын қамдап алғандағы жетістіктерін көресіздер!

Жалпы алғанда, кейбіреулердің айтағына еріп, тойға кеткен қаржыны сана-санама (оны санайтын органдар жетеді), Наурыз сәтті шықты, ізгілік жолындағы жұмысымыз жалғасын табады. Шымкентте Наурыз тойы жылдан жылға жақсы өтетініне сенім мол! Бұйырса, адамдар он күндік Наурызды Шымкентте тойлау үшін бірнеше ай бұрын қонақүй брондап, қамданатын болады. Енді жасыл желекке оранған жып-жылы шырайлы қаладағы жадырап-жайнап жүрген жандарды, улап-шулап мәз-мейрам болып жүрген балаларды көз алдыңызға бір сәтке елестетіңізші. Осы тойдан кәсіпкерлер табысқа молынан кенеліп жатса, қаламыз туристерге толы болса, қосымша жұмыс орындары ашылып, бюджеттің кірісі артса, тек Шымкент емес, игілігін бүкіл еліміз көріп, дәстүрлі тойымыз әлеуметтік-экономикалық дамуға қызмет ететін болады. Наурыз тойының мақсаты той тойлау емес, қаламыздың дамуына сеп болу» деп жазды Шыңғыс Мұқан.

Әділ Байбол