Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Кодекске сәйкес, шағын және орта бизнеске арналған қосылған құн салығы 12%-тен 16%-ке өседі. Осы ретте DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізді. Халықтың пікірі қандай? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Зерттеу 2025 жылдың 4–13 қарашасы аралығында жүргізіліп, «Қазақстандағы салық реформасын сезіну» тақырыбын қамтыды. Жоба MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен PAPERLAB зерттеу орталығының бірлесуімен, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асқан.
Баға өсімі мен жұмыссыздық негізгі қауіп ретінде аталды
Респонденттердің 61,4%-і салықтың көтерілуі өмір сүру сапасына кері әсер ететініне сенімді. Соның ішінде 32,4%-і салықтың көтерілуі өмір сүру деңгейін айтарлықтай нашарлатады деп санаса, 29%-і нашарлайды, бірақ қатты емес дейді. Ал респонденттердің 20,6%-і салықтың көтерілуі өмір сүру сапасына ешқандай әсер етпейтінін айтқан, 9%-і ҚҚС көтерілуі айтарлықтай және аздап болса да өмір сапасын жақсартады деп есептейді.
Үкімет ҚҚС мөлшерін көтеру себебін экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік шығындарды жабу мақсатында бюджетке түсетін түсімді арттыру қажеттігімен түсіндіреді. Алайда сауалнама нәтижесі азаматтардың көпшілігі мұнымен келіспейтінін көрсетіп отыр.
Керісінше, респонденттер ҚҚС көтерілуі нәтижесінде:
— Тауар мен қызмет бағасы қымбаттайды (65,5%)
— Орта және шағын бизнес субъектілерінің саны қысқарады (27,3%)
— Жұмыссыздық артады (26,5%)
— Көлеңкелі экономика мен салықтан жалтару күшейеді (19,6%) деп санайды.
Дегенмен, респонденттердің бір бөлігі оң әсер туралы да айтты. Олардың ойынша, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімі артады (18,2%) және азаматтардың өмір сүру деңгейі көтеріледі (9,4%). Респонденттердің 12,6%-і реформа ешқандай өзгеріске алып келмейді деп санайды. Бұл сұрақта үш нұсқаға дейін таңдауға мүмкіндік берілді.
Бизнес қауымдастығының алаңдаушылығы жоғары
Салық реформасының көп сыналып жүрген ықтимал салдарының бірі шағын және орта бизнестің жағдайы нашарлайды деген тұжырым. Сауалнама кезінде респонденттерге ҚҚС көтерілуі бизнес сектордың жағдайына қалай әсер ететінін бағалау туралы сұрақ қойылды. 63,6%-і кері әсер ететініне сенімді. 14,8%-і еш әсер етпейді десе, 10,3%-і оң әсер етеді деп ойлайды.
ШОБ үшін кері салдарын болжау салық реформасын жалпы бағалаумен сәйкес келеді. Қазақстандықтардың 52,8%-і ҚҚС көтеру деген идеяның өзіне теріс қарайтынын көрсетті, 33,4%-і бейтарап қараса, тек 7,8%-і ғана ҚҚС көтерілуін оң бағалаған.
Фискалдық реформаны бағалауда ШОБ өкілдерінің пікірі айрықша маңызды. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер мен бизнес иелері арасында 70,5%-і алдағы өзгерістерді қабылдамайды, осының өзі салық реформасының салдарына алаңдау жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Зерттеуге сәйкес, азаматтардың көпшілігі ҚҚС көтерілуінен бәрінен бұрын мемлекет және халықтың бай топтары ұтады деп есептейді.
Сонымен бірге, кей қазақстандықтардың ойынша, реформадан бизнес (10,2%), орта тап (3,3%) және халықтың осал топтары (2%) ұтады. Әр бесінші респондент (19,2%) реформадан ешкім ұтпайтынына сенімді болса, 2,4%-і барлығы ұтады деп санайды.
Тағы бір маңызды көрсеткіш ҚҚС көтерілуі есебінен бюджетке қосымша салық түсімі түскен жағдайда мемлекеттің оны тиімді жұмсайтынына сенім деңгейі болды. Респонденттердің жалпы 55%-і мемлекетке сенбейтінін көрсетті: оның ішінде 41,6% сенбейтін болса, 14,6%-і сенбейтін шығармын дейді. Ал 32,5%, керісінше, мемлекетке сенеді: 22,5% сенетін сияқтымын десе, 12,7%-і толық сенеді.
Жаңа Салық кодексінен хабардар болу деңгейі төмен
Азаматтардың хабардар болу деңгейі де жүргізіліп жатқан реформаның маңызды көрсеткішінің бірі. Сауалнама қазақстандықтардың жартысы (47,5%) Қазақстанның жаңа Салық кодексі туралы бірінші рет естіп отырғанын көрсетті, ал сарапшылар бұл құжаттың бүкіл халыққа қатысы бар деп санайды. Сонымен бірге, респонденттердің үштен бірі (34,9%) жаңа Салық кодексі туралы бірдеңе естігенімен, егжей-тегжейін біле бермейді, 17%-і өте жақсы хабардар.
Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер мен бизнесмендер арасында жаңа құжат туралы білетіндердің шамасы айтарлықтай жоғары – жалпы 69,6%.
DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі қоғам көбінесе салық реформасын күмәнмен қабылдайтынын көрсетіп отыр, көпшілік реформа экономиканың стратегиялық маңызды секторы – кәсіпкерлер мен бизнес иелеріне қысым жасайды деп санайды. Қазақстандықтар бұл реформа мемлекетке және ауқатты азаматтарға пайдалы құрал, ал осал топтар мен бизнес қауымдастыққа теріс әсер етеді деп есептейді.
Салыққа қатысты өзгерістер туралы жеткілікті деңгейде хабардар болмау және көпшіліктің өмір сүру деңгейі нашарлайтынына көзсіз сенімді болуы жалпы мемлекеттің бастамаларына деген сенімсіздікті және мемлекетке қоғаммен тиімді байланыс орнату жетпейтінін көрсетеді.














