ШЫМКЕНТ: ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР САНЫ ҚЫСҚАРУДА

772
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева 2022-2023 жаңа оқу жылының басталуы туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен арнайы брифинг өткізді.
— Жыл соңына дейін 12990 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендеді.
Жалпы басқармаға қарасты 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледжді қосқанда, 861 білім беру ұйымдарында 390 мыңға жуық тәрбиеленушілермен жаңа оқу жылын бастау жоспарлануда.
Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 28 002 оқушы қабылданды. Бұл өткен жылғы бала санымен салыстырғанда 3 000 оқушыға артқан.
Жаңа оқу жылында 1 және 5-11 сыныптардағы білім беру стандарттарына өзгерістер мен толықтырулар еніп отыр, -деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, жалпыға міндетті білім қорынан 58 154 балаға мектеп формасы үшін жергілікті бюджет есебінен ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, әр балаға 37 389 теңгеден бөлінген.
Одан бөлек, кәсіподақ және банктер арқылы – 845, жергілікті мешіттер тарапынан – 1 200, жеке кәсіпкерлер, демеушілер – 2 142 балаға, жалпы алғанда 4 187 балаға қосымша қамту жұмыстары жоспарланған.
Сонымен қатар, қала аумағындағы сауда орындары зерделеніп, кәсіпкерлік басқармасымен бірлескен жәрмеңкелер ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынған.
Қала мектептерінде компьютерлік құрылғылар саны – 56 746 дананы құрап, 1 компьютерге 4 оқушыдан келіп отыр. Бұған дейін 27 оқушыға 1 компьютерден тиген болатын.
Барлық компьтерлер 100% интернет желісімен қамтылып, жылдамдығын арттыру мақсатында байланыс операторларымен келісім-шарт түзілді.
Сондай-ақ қаладағы 6 мектепке спорт алаңшалары салынып, 372 кабинет және 610 интерактивті панелдер орнатылған. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 32,2% ден 72,0% артқан.
Бұдан басқа, барлық мектептер 100% бейнебақылау, дабыл түймесі, турникет және І дәрежелі күзетпен қамтылған.