КӨШЕ БОЙЫНА АРНАЙЫ ҚОҚЫС ЖӘШІКТЕРІ ОРНАТЫЛДЫ

536

Шымкент қаласында көше бойына арнайы қоқыс жәшіктері орнатылды, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Күнделікті тұрмыста пайда болатын қоқыс адам денсаулығына үлкен зиян келтіретіні белгілі. Сондықтан қоршаған ортаға залал келтірмеу үшін әр тұрғынның қоқысты арнайы қойылған жәшіктерге салғаны дұрыс.

Осыған байланысты қала басшысы қала көшелерінде арнайы қоқыс тастайтын жәшіктер орнату туралы тапсырма берген болатын. Берілген тапсырмаға сәйкес, Еңбекші ауданы аймағындағы Тәуке хан даңғылы мен Елшібек батыр, Ж.Аймауытов көшелерінің бойына кіші қоқыс жәшіктері орнатылды. Сонымен қатар, қала қонақтары мен тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында орындықтар да қойылды. Қойылған орындықтар мен қоқыс жәшіктеріне қаланың логатипі мен Еңбекші ауданының аты жазылып, сәнделген. Шымкенттіктердің игілігіне арналып жасалған осындай арнайы заттарды ұқыпты пайдалану да маңызды. Алдағы уақытта қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, қаланың басқа да орталық көшелеріне кезең-кезеңмен орындықтар мен кіші қоқыс жәшіктері орнатылатын болады. Жалпы, қала тазалығы күн тәртібінен түспейтін негізгі мәселелердің бірі. Соған сәйкес тұрғындар арасында белгіленбеген орындарға қоқыс тастау жағдайларын болдырмау мақсатында жұмыстар жалғасын таба береді.

Айта кетейік, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасы бойынша мегополисте санитарлық тазалау жұмыстары күшейтіліп, төрт аудан аумағында тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келді. Бүгінде тазалық жұмыстары кезеңінде, Еңбекші ауданы аумағында орталық көшелердің ирригациялық арықтары мен көше бойларын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы орталық көшелер мен ішкі орамдық жолдарға механикалық тазалау жүргізіліп, аялдамаларды жуу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, аудан аумағындағы тазалық жұмыстары аудан әкімі аппаратының толық бақылауында болады.