Желге ұшқан 310 миллиард

1100

Есеп комитеті: Бюджеттің 310 миллиард теңгесі қалай болса солай жұмсалған. Мониторинг тобы 2 триллион 200 миллиард теңге бюджет қаржысының жұмсалуын тексеріп шыққан. Нәтижесінде 72 дерекке қатысты іс құқық қорғау органдарының қарауына жіберіліп, 339 іс бойынша 196 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламасында да 49 миллиард теңге сауатсыз жұмсалыпты. Компаниялар бюджет қаржысын еш негізсіз жұмсаған, ал жергілікті атқарушы билік жобалардың жүзеге асуын қадағаламаған. 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту бағдарламасында мынадай кемшіліктер кеткен: Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыратын компаниялардың міндеттері анық көрсетілмеген. Келісімшарттың 8 пайызы дұрыс рәсімделмепті. Бағдарлама аясында жұмыспен қамтылғандар ары кеткенде 1-2 ай ғана жұмыс істеген. 34 пайызында зейнетақы аударымы атымен жоқ. Мердігерлердің әлеуметтік жауапкершілігі қарастырылмай, елді мекендердің абаттандырылуы ақсап тұр. 310 миллиард теңге тиімсіз жұмсалса, соның тек 146 миллиарды қазынаға қайтарылыпты.

Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаты: Есеп комитеті берген 310 млрд теңгенің орынсыз жұмсалу себебі – жауапгершілікте тұр. Бұл жердегі жауапкершілік жоспарлаудан басталады. Одан кейін қаржының жұмсалуында да бұл міндет болуы керек. Әсіресе, жауапкершілік міндеті қарапайым азаматтардан гөрі, лауазымды адамдарда бірнеше есе артық болуға тиіс. Жергілікті атқарушы билік мұның бәрін қадағалап үлгермейді. Өйткені мұның бәрі ашық емес. Сондықтан мұндай бағдарламаларға ақша бөлінген кезде, қарапайым халық бәрін басынан біліп отырғаны дұрыс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық бақылау» деген мәселені айтты. Сол халықтық бақылау жұмыс істемейінше, мұндай талан-таражға салу, «пышақ үстінде бөлісу» сияқты жауапсыздық жалғаса береді. Әйтпесе, 310 млрд теңге деген өте қомақты қаражат. Ең басты мәселе – мемлекет тарапынан беріліп жатқан қомақты қаржының заңды түрде игерілуінде болып тұр. Бақылау болмаса, заңсыздық орын алады. Мәселен, азаматтарға жұмыс бергендер зейнетақы қорына ақша аудармаған. Сөйтіп тағы бір әлеуметтік мәселе туындап отыр. Бұл жердегі басты түйін: жоспарлаудағы сауатсыздық пен қадағалаудың жоқтығында. Содан кейін кез келген бағдарлама бойынша жұмыс басталған кезде, оның есебі болатынын, оған жауап беру керек екенін әрбір шенеунік, әрбір азамат ұмытпауы керек! Сонда ғана мемлекетімізде тәртіп орнайды. Ниетіміз жақсы болғанымен, тәртіпке келгенде ақсап жатырмыз.

Jas Qazaq газеті