Донаты көп, уақыты жоқ бала

2224

Қазір әр отбасында кемі бір бала осы ойынға тіркелген. Зұлымдыққа, өзімшілдік пен менмендікке тәрбиелейтін ойын баланың бағынан гөрі, соры секілді. Бұл жағдайда баланы психологпен сөйлестіріп, ойын уақытын біртіндеп азайтып, тәуелділіктен құтқару қажет. Ата-ана баласын қонаққа апарса да, сол жақта осы ойынмен әуре болып жатқандары. Осындай тәуелділіктің салдарынан балалардың мінез-құлқы бұзылып, әртүрлі психикалық ауытқуға ұшырауы мүмкін. Бала ойынға тәуелді болған сайын, оны «алып шығу» оңайға соқпайды. Ойын үшін ақша салып жүргендер де баршылық. Мұның өзі үлкендер ойнайтын казиноны еске түсіреді. Біздің үйде желілік ойындардың кішкентай «жұлдыздары» өсіп жатыр. Інім бұрын кез келген нәрсеге қызығып, «анау не, мынау не» деп жиі сұрақ қоятын. Қазір мазамды алмайтын болды. Сөйтсем, ол өзіне басқа ермек тауып алыпты. Бір күні одан: – Неге саған телефондағы ойыннан басқасы қызық емес? – деп сұрадым. – Мен Free Fire ойынын көшіріп алдым. Қызықтың көкесі сонда екен, – деп жауап берді ол. – Оны қайдан таптың? Әлгі ақылды достарың шығар сені осыған үйретіп жүрген? – Жоқ, ей, олар емес. Free Fire-ді мен бір жыл бұрын көшірдім. Достарым оны коронавирус кезінде білді. Күнде 40 минутымды ғана жұмсап жүрмін ғой… – Сонда бізден тығылып ойнап жүрсің бе? – Сіздер аттап басқанымды аңдып отырасыздар. Сол үшін көршінің үйінде, не папа мен мама жоқта ойнаймын. – Бәсе, мінезің өзгеріп бара жатыр… – Білмеймін. Осы ойынға кіріскелі біреу мені шақырса, мүлде естімеймін. Ойынның ішіне кіріп кетемін. Ойын қызып жатқан кезде кедергі келтірсе, қалай жынданғанымды байқамай қаламын. Мұным дұрыс емес екенін білсем де, өз-өзімді ұстай алмаймын. Сосын ғой сіздерден жиі ұрыс естіп жүргенім. Әдейі емес. Бірақ ойынға бір кірсем, қайтып шығу өте қиын екен. Сондықтан оятқышты пайдаланамын. Күн сайын 40 минут қана ойнаймын. Арасында сабақ оқимын. – Сабақ оқып болған соң не істеп жүрсің? Тағы да осы ойын ба? – Жоқ, басқасын ойнаймын. Mine Craft деген ойын. Ол да FreeFire-ға ұқсайды. Mine Craft өте пайдалы деп санаймын. Оның қызығы үй салып, өз қалашығыңды жасайсың. Достарымның бәрі осы ойынды ойнайды. Ашуланған кезімде, мені осы ойын басады. Үй салуды біраз түсініп, дизайн, архитектураға қызығушылығым артты. Достарымның арасында осы ойынды ойнағанда жынданып, балағаттайтындар бар. Тіпті үйінен ақша алып, күніне мың теңгені Free Fire-ға салатындар да көп. Басында менде ақша салу туралы ойладым. Бірақ әшейін ойынға ақша жұмсағым келмеді. Папамдардан қорықтым. Донатың болса көп нәрсені ала аласың. – Донат деген не? – Ақша ғой. Ақша болғанда алмаз сатып аламыз. Бір алмаз 550 теңге болады. 4500 теңгелік алмаздар да бар. Ол ақшаға қару аласың, мылтық пен мылтықтың заттарын аласың. Маған Free Fire-дан қатты ұнайтыны ойын графикасының сапасы. Ойынның арқасында көшеге шықпай-ақ, достарыммен сөйлесе аламын. Өзімді ойын ішінде жүргендей сезінемін. Мен бұл ойынды телефонымнан өшіргім келмейді. Егер үйдегілер ойнамайсың десе, мүмкін 40 минутты да азайтатын шығармын. Сонымен, Free Fire деген не? Баласы бар ата-аналар білетін шығар. Бірақ жалпы жұртқа белгісіз. Ал бала біткеннің құлағын түрген ойынның не құпиясы бар? Күн сайын қарадомалақтарымыз өліп-өшіп ойнап, желігіп, тамақ ішуден қалған балаларды бұл несімен баурап алды? Осыны зерттеп көрдік. Free fire – ең танымал ойын түрі. 2017 жылы Сингапурда құрастырылған. Бұл ойынды 500 миллионнан астам адам көшірген. Сонымен атауы қандай ұғым береді? Ағылшын тілінен аударғанда «бос от», «тегін от», «қылмыс» деген мән беретінін білдік. Ойын атауының өзі адамды ұрыс-төбелеске шақырып тұрғандай. Шынымен де, суреті мен мазмұнына қарасаңыз, баяғы атыс-шабыс. Аталған ойынды 50 адамға дейін кіріп, «патшалық шайқас» режимінде ойнай алады. Ондағы басты мақсат – айналаңдағының бәрін қырып, соңында өзің тірі қалу. Ойынды қалай ойнайды? Жалғыз немесе топпен кіру мүмкіндігі бар. Өз патшалығыңызды құру үшін қару іздейсіз. Өлтірген бейшараны сол жерде қалдырасыз. Өзінің жемтігін іздеп, зиян келтіру арқылы түрлі айламен арбап, екінші желіде қосылғандардың көзін жойып отырады. Әр ойын 10 минутқа созылады. Ойыны қанбағандар 3-4 сағатқа дейін шыға алмай отырады. Бірін-бірі «өлтіргеніне» мәз болатын ойынның ережесі осындай. Бұл ойынды жасаушылар жастар арасындағы сұранысты жақсы пайдаланады. Әлеуметтік желіде ресми аккаунт ашып, табыс тауып отыр. Ақша табуды мақсат еткен мұндай ойында тәлім-тәрбиенің болмайтыны екі бастан белгілі. Ойын барысында бір-бірін сыбауға көшеді. Шетелден жастар да кіріп жаман сөз айтып, ойын алаңы былапыт сөзге толып кетеді. Кейде түрлі ұлттар мен ұлыстар арасындағы ұрыс-керіске де ұласып жатуы мүмкін. Қазір әр отбасында кемі бір бала осы ойынға тіркелген. Зұлымдыққа, өзімшілдік пен менмендікке тәрбиелейтін ойын баланың бағынан гөрі, соры секілді. Бұл жағдайда баланы психологпен сөйлестіріп, ойын уақытын біртіндеп азайтып, тәуелділіктен құтқару қажет. Ата-ана баласын қонаққа апарса да, сол жақта осы ойынмен әуре болып жатқандары. Осындай тәуелділіктің салдарынан балалардың мінез-құлқы бұзылып, әртүрлі психикалық ауытқуға ұшырауы мүмкін. Бала ойынға тәуелді болған сайын, оны «алып шығу» оңайға соқпайды. Ойын үшін ақша салып жүргендер де баршылық. Мұның өзі үлкендер ойнайтын казиноны еске түсіреді. Бақытжан Аманболқызы, Тоғжан Әбдеш, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері Тақырыпқа тұздық Елімізде 2018 жылы киберспорт ресми түрде спорт түріне жатқызылды. Киберспорт – компьютерлік ойындар арасындағы жарыс. Киберспортшылар оңай жолмен ақша табуы мүмкін. Кез келген үшінші адам осы ойын арқылы жылына 1 миллион доллар көлемінде табысқа кенеледі. Әлемдегі ең ірі брендтер де осы eSports (киберспорт) индустриясына қызығып отыр. Тіпті алдағы 2-3 жылда Олимпиада ойындары тізіміне енуі мүмкін. Мысалы, Gambit Esports үш ойыншыдан тұратын еліміздің командасы CS:GO бойынша сайыста Польшаның Краков қаласында жеңіске жетіп, 500 000 долларды қанжығасына байлады. Киберспорт ойыншылары күнделікті 8-12 сағатын соған арнайды. Қалған 12 сағатын ұйқы мен тамақ ішуге жұмсады делік. Сонда олар қай кезде жұмыс істеп, жақындарымен қалай араласады? Мұндай құмарлық адамды жалқау, жатыпішер, бойкүйез етеді. Семіздікке алып келетіні өз алдына. Маман пікірі

Қарлығаш Тілекқызы, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Аймен орта мектебінің психологы: Мен 8 жылдан бері мектепте психолог болып жұмыс істеймін. Бастауыш сынып арасында кейбір оқушылар желілік ойындарға кіріп, өзінің қиқар мінезін көрсеткен жағдайлар болды. Мәселен, үзіліс уақытында бір топ бала жиналып Free Fire ойынын ойнағанын көзім шалып қалған. Психолог болған соң, ойынды зерттеп көрдім. Мұндай ойындар бала ой-өрісінің дамуын тежейді. Егер де бала көп уақытын осы ойынға арнаса, қоршаған әлемінен алшақтап, басқаша ой қалыптасуы мүмкін. Сабаққа дайындалғанда немесе үй тапсырмасын орындағанда асығып отырады. Қате болса да, тез орындай салып, ойынға кіріскісі келіп тұрады. Бұл жерде балаға сабақтан гөрі ойынның маңызды екенін ашық айта аламыз. Сондықтан ата-ана баласының қандай ойынға арбалып қалғанын қадағалап отыруы керек!